Бразилияның даңқты футболшысы қыз зорлағаны үшін 4,5 жылға сотталды

Редактор
22.02.2024, 20:05

Сотта оның кінәсін дәлелдейтін фактілер айтылды

Reuters

Футболдан Бразилия құрамасы мен «Барселонаның» экс-қорғаушысы Дани Алвес қыз зорлады деп айыпталып, 4,5 жылға сотталды деп хабарлады BBC News. Оқиға 2022 жылы Барселона қаласындағы түнгі клубтардың бірінде болған.

Каталонияның жоғарғы соты Алвестің жәбірленуші қызға 150 мың еуро өтемақы төлеуін де міндеттеді.

40 жастағы футболшы 2023 жылдың қаңтар айында ұсталып, қамауға алынған болатын. Ол бүгінгі күнге дейін зорлау фактісі болмағанын, қыздың өзі жыныстық қатынасқа келіскенін айтып келді. Алайда, сотта қылмысты растайтын фактілер айтылды.

«Жәбірленушінің келіспегені дәлелденді, оның өз шағымынан басқа да істі растайтын фактілер бар. Айыпталушы жәбірленген қызды жерге құлатып, үстне шығып, оны еркінен тыс зорлаған », - делінген сот таратқан ақпаратта.

Дани Алвестің адвокаты соттан кейін апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

«Біз үкімді зерделеп шығамыз. Бірақ, нақты айтарым, біз апелляциялық шағым түсіреміз. Алвестің кінәсіз екеніне сенейік. Оны соңына дейін қорғаймыз», - деді футболшының адвокаты Инес Гвардиола.