Жарнама
Жарнама

Дастан Сатпаевтың «Челсидегі» алғашқы нөмірі белгілі болды

Редактор
Бүгін, 10:57

«Челси» Сатпаевтың жейдесіндегі нөмірін ресми таныстырды

ФК “Челси”

Лондонның «Челси» клубы Австралия мен Азиядағы маусымалды турнесіне қатысатын футболшылардың ойын нөмірлерін жариялады. Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сатпаев бұл кездесулерде 36-нөмірлі жейдемен алаңға шығады.

Клубтың ресми тізіміне енген 28 футболшының арасында Коул Палмер 10-нөмірді, Жоау Педро 20-нөмірді, Эстевао 41-нөмірді иеленсе, Сатпаевқа 36-нөмір берілді.

Турне барысында «Челси» Сиднейде «Вестерн Сидней Уондерерс» пен «Тоттенхэмге» қарсы ойнайды. Кейін лондондықтар Гонконгта «Ювентуспен», Джакартада «Миланмен» және Малайзияда «Джохор Дарул Такзиммен» кездеседі.

Айта кетейік, клуб бұл нөмірлердің тек маусымалды дайындық кезеңіне арналғанын ескертті. Сондықтан футболшылардың 2026/27 жылғы маусымдағы тұрақты ойын нөмірлері кейінірек анықталады.

Бұған дейін «Челсиде» 36-нөмірді Джо Кинан, Патрик Бэмфорд, Рубен Лофтус-Чик, Кайл Скотт, Лукас Бергстрём, Габриэл Слонина және Дейвид Вашингтон киген. Бұл нөмір көбіне негізгі құрамға енді ғана қосылып жатқан жас ойыншыларға беріліп келген.

Олардың ішінде ең жарқын із қалдырғаны – Рубен Лофтус-Чик. Англиялық жартылай қорғаушы дәл осы 36-нөмірмен негізгі командада дебют жасап, кейін «Челси» сапында 155 матч өткізіп, 13 гол соқты. Ол Англия чемпионатын екі рет жеңіп алып, Еуропа лигасы мен УЕФА Суперкубогын да иеленді.

Осылайша, 36-нөмір «Челсиде» ерекше мәртебеге ие болмаса да, жас таланттардың үлкен футболдағы алғашқы қадамын білдіретін символдық нөмірлердің бірі саналады. Дастан Сатпаев та енді осы жолды жалғастыруға мүмкіндік алды.

Реклама
Реклама

Материалда: