Жарнама
Жарнама

Лионель Месси Аргентина құрамасынан кетпейтін болып шешті

Редактор
Бүгін, 10:36

Лионель Месси Аргентина құрамасындағы дебютін 2005 жылы жасаған

Getty Images

Аргентинаның аңыз футболшысы Лионель Месси ұлттық құрамадағы мансабын жақын уақытта аяқтамайтын секілді. Журналист Фран Касареттоның жазуынша, 39 жастағы шабуылшы алдағы бірнеше жылға жоспарын түзіп қойған.

«Мессиге жақын жүрген дереккөздерге сүйенсем, ол халықаралық карьерасын әлі аяқтамайды. Өзінің жоспары бойынша, 2028 жылы Америка кубогіне қатысып, Аргентина құрамасымен сол жерде қоштасады», - деп жазды Касаретто X әлеуметтік желісінде.

Еске салайық, биыл аяқталған Әлем чемпионатында Аргентина құрамасы финалға дейін жетіп, ақтық сында Испаниядан жеңілген еді. Турнирде 8 гол соғып, 4 нәтижелі пас берген Месси үздік бомбардир атанды.

Лионель Месси Аргентина құрамасындағы дебютін 2005 жылы жасаған. Ол ұлттық құрама сапында 207 ойын өткізіп, 125 гол соққан, 68 нәтижелі пас берген. 2022 жылы Әлем чемпионы атанды, 2014 және 2026 жылдары күміс жүлдеге лайықты болды. Америка кубогінің екі дүркін жеңімпазы (2021, 2024). Олимпиада ойындарының чемпоны (2008).

Месси – «Алтын допты» сегіз рет иемденген жалғыз футболшы. Прайм уақытында «Барселона» және «ПСЖ» клубтарында ойнады.

Реклама
Реклама