Жарнама
Жарнама

ФИФА жобасынан бас тартқан Инфантино 50 млн еуродан қағылды

Редактор
Бүгін, 10:33

Инфантиноның жалақысы 10 есеге жуық өсуі мүмкін болған

The Associated Press

Джанни Инфантино басқаратын FIFA әлем чемпионатының коммерциялық құқықтарының бір бөлігін сатуға қатысты жобадан бас тартты. Егер бастама жүзеге асқанда, ұйым президентінің жылдық табысы шамамен 10 есеге жуық артуы мүмкін еді.

The Times басылымының мәліметінше, қазір Инфантиноның жылдық жалақысы шамамен 5,2 миллион еуроны құрайды. Ал жоба іске асқан жағдайда ол Thrive Eternal инвестициялық қорының комиссары қызметіне тағайындалып, жылына 50 миллион еуродан астам табыс табуы ықтимал болған. Бұл сомаға бонустар кірмейді.

Жоспар бойынша FIFA әлем чемпионатының коммерциялық құқықтарының 20 пайызын сатуды көздеген. Ол үшін FIFA Forward Enterprise (FFE) атты жаңа коммерциялық құрылым құрылып, турнирді өткізу және коммерциялық пайдалану құқықтары соған берілуі тиіс еді. Инвесторларға компания акцияларының 20-30 пайызын сатып алу ұсынылған.

Жаңа құрылымның құны шамамен 20 миллиард долларға бағаланған. Ал мәміле FIFA-ға 4,2 миллиард доллар (шамамен 3,65 миллиард еуро) табыс әкелуі мүмкін болған.

Алайда бұл бастамаға Еуропа, Азия, Солтүстік және Орталық Америка, сондай-ақ Оңтүстік Америка футбол конфедерациялары қарсы шықты. Олар жекеменшік инвесторлардың келуі әлемдік футболдағы коммерциялық ықпалдың күшеюіне әкеліп, спорттық мүдделердің екінші орынға ығысуына себеп болуы мүмкін екенін айтты.

Кейін Джанни Инфантино барлық тараппен жүргізілген кеңестерден соң FIFA әлем чемпионатының коммерциялық құқықтарының бір бөлігін сатпайтынын ресми мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жоба ұйымның басты мақсаты – әлемдік футболды дамыту мен біріктіру қағидаттарына сәйкес келмейді.

Реклама
Реклама