Жарнама
Жарнама

«Еуропа күтіп тұр»: Қайрат Боранбаев жанкүйерлерге үндеу жасады

Редактор
Бүгін, 15:22

Клуб басшысы жеребеде түскен қарсыластардың деңгейіне де жеке тоқталды

ФК "Қайрат"

«Қайрат» футбол клубының президенті Қайрат Боранбаев Конференциялар лигасының жалпы кезеңіне арналған жеребеден кейін команданың алдағы еурокубок маусымына қатысты пікір білдірді.

Жеребе қорытындысы бойынша «Қайрат» алты қарсылас алды. Алматыда «Панатинаикос», «Университатя Крайова» және «Мьельбю» қонақ болады. Ал сырт алаңда қазақстандық клуб «Аталанта», «Твенте» және «Ригамен» кездеседі.

Боранбаевтың сөзінше, «Андерлехтпен» өткен ауыр матчтар команданың Еуропадағы деңгейге бейімделуі үшін маңызды сабақ болған.

«Үлкен еуропалық күз «Орталық стадионға» қайта оралады! «Қайрат» екінші маусым қатарынан Қазақстан атынан еурокубоктардың негізгі кезеңінде өнер көрсетеді. Қазір бар ойымыз — Конференциялар лигасында. Оңай болмаған іріктеу кезеңі артта қалды, біз одан маңызды тәжірибе жинадық. «Андерлехтпен» өткен матчтар бізге қандай қарқынға және ойын сапасына әлі де бейімделуіміз керектігін көрсетті. Бұл тәжірибені қабылдап, қорытынды шығарып, әрі қарай жылжып келеміз», – деді клуб президенті.

Ол УЕФА енгізген жаңа форматтың да «Қайрат» үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті. Жалпы кезеңде командалар дәстүрлі топтарға бөлінбей, бірыңғай турнир кестесінде бақ сынайды. Соның арқасында әр клуб әртүрлі футбол мектебін ұстанатын қарсыластармен кездесуге мүмкіндік алады.

«Жаңа формат қарсыластардың бұрын-соңды болмаған алуандығын ұсынады. Бір турнирде футболы мүлде бөлек мектептердің өкілдерімен кездесудің өзі клубымыз үшін аса құнды тәжірибе», – деді Боранбаев.

Клуб басшысы жеребеде түскен қарсыластардың деңгейіне де жеке тоқталды.

«Алда бізді А сериясының көшбасшыларының бірі әрі жуырда Еуропа лигасын жеңіп алған италиялық «Аталантамен» болатын маңызды сынақ күтіп тұр. Сырт алаңда команда голландиялық футболдың жоғары қарқынын «Твентеге» қарсы матчта сынап көреді. Алматыда біз грек футболының флагманы «Панатинаикосты», сондай-ақ басқа да мықты еуропалық клубтарды қабылдаймыз», – деді ол.

Боранбаев үшін бұл кездесулердің маңызы тек турнир кестесіндегі ұпаймен шектелмейді. Оның пікірінше, мұндай деңгейдегі қарсыластармен ойнау футболшылардың да, клубтың да дамуына әсер ететін маңызды кезең болмақ.

«Қайрат» Конференциялар лигасының жалпы кезеңінде үш ойынды өз алаңында, тағы үш кездесуді сырт алаңда өткізеді. Осылайша Алматы жанкүйерлері өткен маусымдағы Чемпиондар лигасынан кейін тағы да Еуропаның белгілі клубтарын Орталық стадионда көруге мүмкіндік алады.

Реклама
Реклама