«Байер» тағы камбэк жасап, Еуропа лигасының ширек финалына шықты

Редактор
15.03.2024, 03:35

Хаби Алонсо шәкірттері соңғы 38 ойында жеңілген жоқ

Getty Images

Ливеркузеннің «Байері» Еуропа лигасында тағы бір камбэк жасап, жарыстың ширек финалына шықты. Әзірбайжанның «Карабах» командасымен кездескен немістер алғашқы ойында 2:2 есебімен тең түссе, өз алаңында 3:2 есебімен жеңді.

Матчтың бірінші таймында жанкүйерлер соғылған гол көрген жоқ, есесіне екінші тайм нағыз шоуға айналды. Алдымен 59-минутта қонақтар сапынан Абделла Зубир командасын алға шығарса, 62-минутта төреші «Карабах» ойыншысы Джафаргулиевті алаңнан қуды. Он ойыншымен қалған қонақтар сасқан жоқ, керісінше 67-минутта бразилиялық легионер Жуниньо гол соғып, есепті 0:2-ге жеткізді.

Хаби Алонсо шәкірттері тек осы кезде есін жиды. 72-минутта Жереми Фримпонг есептегі айырманы қысқартса, 90+3 минутта Патрик Шик есепті теңестірді және жеңісті алдын ала тойлауға кірісіп кеткен әзірбайжандық жанкүйерлердің үмітіне су септі. Мұнан кейін матч көруге келгендер овертаймға дайындала бастаған. Өйткені, алғашқы ойында да командалар 2:2 есебімен тарқасқан болатын. Алайда, «Байер» мұнымен тоқтамай, 90+7 минутта тағы бір гол соғып, неміс командасы келесі айналымға шықты, гол авторы – Патрик Шик.

Еске салайық, «Байер» «Карабахқа» қонаққа барған кезде де 0:2 есебімен жеңіліп тұрып камбэк жасаған. Ливеркузендік команда осылайша жеңіліссіз сериясының санын 38-ге жеткізіп отыр. Бұл – клубтың жеке рекорды.