Бразилиялық футболшы Вагнер Лав алаңға мас болып шығып, екі гол соққан

Редактор
12.04.2024, 23:07

Ол 2020-2021 жылдары алматылық «Қайрат» сапында да ойнаған

ЦСКА ФК

Бразилиялық танымал футболшы Вагнер Лав ЦСКА сапында ойнап жүргенде алаңға мас болып шығып, қарсылас қақпасына екі гол соққан. Бұл туралы оның экс-командаласы Алексей Березуцкий «Это футбол, брат» YouTube-каналына берген сұхбатында айтты.

«Оның қайдан ішіп алғанын білмеймін. Айтарлықтай мас еді. Бапкерге келді де, «мен шыға алмаймын, шамам жоқ» деп айтты. Оны алаңға шығуға әзер көндірдік. Ойынға шықты да, оң аяқпен бір гол, сол аяқпен бір гол соқты, бапкерге келді де «мені ауыстыр» деп алаңнан шығып кетті. Шатаспасам, «Ростовпен» болған матч, біз жеңдік», - деді Березуцкий сұхбат барысында.

Еске салайық, Вагнер Лав «Қайрат» сапында 2020-2021 жылдары ойнаған. Алматылық клубпен бірге ол Қазақстан чемпионы және Қазақстан кубогінің иегері атанды. Қазір 39 жастағы ардагер ойыншы бразилиялық «Атлетико Гоияниенсе» клубының намысын қорғап жүр.