Магомед Адиев шәкірттері 14 ойыншысы уланып қалған команданы жеңіп кетті

Редактор
26.04.2024, 10:14

«Сочи» қосалқы құрам ойыншыларымен ойнады

Матч-ТВ

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев жаттықтыратын Шешенстанның «Ахмат» клубы өз алаңында «Сочиді» жеңді.

Грозныйда өткен ойын 1:0 есебімен аяқталды. Жеңіс голын 30-минутта Лечи Садулаев соқты. Бұл Ресей премьер-лигасының 21-туры болатын.  «Ахмат» осы жеңістің арқасында 26 ұпаймен 12-орынға көтерілді.

Бұған дейін олар ЦСКА клубынан басым түскен болатын.

Айта кететін бір жайт, бұл матчқа «Сочидің» 14 футболшысы қатыса алмады. Матчтың алдында бас бапкері Роберт Морено ойыншыларының уланып қалғанын айтты.

«Түскі астан кейін бірнеше ойыншының денсаулығы нашарлап кетті. Кейбіреуінің жүрек айнуы байқалды. Енді бірі диареямен ауырды. Бізге өзін жақсы сезінген және бұл жағдай аз әсер еткен бірнеше ойыншыны таңдауға тура келді.  «Сочидің» қазір бірнеше футболшысы жүре алмай қалды. Өкінішке қарай, бізде олардың орнын басатын ешкім жоқ», - деді бас бапкер матч алдында.

Морено ойынды кейінгі шегеруге ұсыныс жасаған. Бірақ қарсылас келіспеген. Сөйтіп, 7 минут кешігуден кейін матч басталды.