«Астана» сырт алаңда жеңіске жетті
Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 6-тур ойындарының алғашқы жарыс күні аяқталды.
Турдың шымылдығы Қостанайда ашылды. «Тобыл» өз алаңында «Жеңісті» қабылдаған. Матч 1:1 есебімен тең аяқталды. Милич Чурчич шәкірттері күтпеген жерден ұпай жоғалтты. Ойын алдында «Тобыл» сөзсіз фаворит саналған.
Премьер-лига басталғалы «Атырау» жеңіске жете алмай жүр еді. Команда бес турда 4 рет тең түсіп, бір рет жеңілген. Бұл жолы мұнайшылар алғашқы үш ұпайын еншіледі. Олар өз алаңында Әли Әлиев жаттықтыратын «Қызылжардан» басым түсті. Матчтағы екі гол екінші таймның басында соғылды. Айналдырған екі минуттың ішінде Николай Сигневич пен Якоб Новак мергендік танытты.
«Астана» Шымкентке қонаққа барған еді. Бұл жолы «Ордабасымен» емес, Түркістанның «Тұранымен» кездесті. Ойынның 6-минутында Феди Бен Чоуга алаңнан қуылып, алаң иелерін қиын жағдайға қалдырды. Екінші таймда төреші «Астананың» пайдасына пенальти белгіледі. Әупірімдеп жүріп елорда командасы жеңіске жетті. Екінші голды Усман Камара салды.
Қызылордада «Қайсар» Алматының «Қайрат» клубын қабылдады. Әнші Қанайды шақырып, үзілісте ән айтқызды. Сөйтіп, жанкүйер жинауға тырысқан. Өйткені команда жеңіле берген соң, қызылордалықтар да стадионға баруды сиреткен еді.
Бұл ойынның негізгі уақытында есеп ашылған жоқ. Есесіне, төреші қосқан қосымша минутта Айбар Жақсылықов алаң иелеріне жеңіс сыйлады. «Қайрат» осымен екінші матч қатарынан жеңілді. Бұған дейін Алматыда «Ақтөбеден» ұтылған еді.
Енді ертең екі ойын бар. «Елімай» осы маусымда алғаш рет Семейде ойнамақ. Олар ел чемпионы «Ордабасыны» қабылдайды. Ал «Ақтөбе» Талдықорғанда «Жетісумен» кездеседі.