Қазақстан футбол лигасы OLIMPBET-тен қанша ақша алатыны белгілі болды

Редактор
29.04.2024, 18:28

Букмекерлермен келісімшарт 2025 жылға дейін жасалған

Ордабасы ФК

Футболдан Қазақстан чемпионаты «OLIMPBET» деп аталатыны белгілі. Бұл жарнама үшін Қазақстан футбол лигасы жыл сайын букмекерлік компаниядан 2 млрд теңге алады екен. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов Астанада өткен баспасөз конференциясында айтты.

Ал, егер бұл жарнамадан бас тартып, OLIMPBET букмекерлік компаниясымен келісімшартты уақытынан бұрын үзсе, 36 млрд теңге айыппұл төлейді екен. Келісімшарт 2025 жылға дейін күшінде.

Десе де, Мәжіліс депутаттары да бұл мәселеге қазір бас қатырып жатыр. Депутат Нартай Аралбайұлы бастаған жұмыс тобы қазір спортқа қатысты заң жобасын әзірлеп жатыр. Олар Қазақстан чемпионатынан OLIMPBET деген атауды алып тастамақ. Бұл туралы спорт журналисі Аслан Қаженов өзінің Facebook-парақшасында жазды.

«Қысқасы, оны алып тастау бір ойлағандай оңай емес екен. Өйткені, букмекерлік компания, қателеспесем, 2025 жылға дейін келісімшарт жасасқан. Сол құжатты негізге алып, бет бақтырмайды. Мәселені шешудің бір ғана жолы болды. Заңмен тыйым салу. Жұмыс тобының жетекшісі Нартай Сәрсенғалиев бастаған депутаттар арнайы норма ұсынды. Оның негізінде спортқа жауапты министрлік арнайы класификатор енгізеді. Ол жерде жарнамалық және коммерциялық атауларға жол берілмейді. Оның ішінде осы букмекерлік компанияның атауы да бар», - деп жазды журналист. 

Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары елімізде лудомандар саны күрт артқанын айтып, букмекерлік кеңселердің жарнамасына тыйым салмақшы.

Материалда: