«Астана» клубы төрешілер қателігінен үш турда 7 ұпай жоғалтқанын айтты
Бұған дейін «Астана» мен «Қайрат» клубтарының басшылары Қазақстан Премьер-лигасындағы төрешіліктің деңгейін қатаң сынаған болатын. Осыған байланысты белгілі спорт комментаторы, ҚФФ президентінің кеңесшісі Ермұхамед Мәулен де өз пікірін айтты. Оның сөзінше, екі жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда төрешілердің дұрыс шешім қабылдау көрсеткіші әлдеқайда өсіп, 89%-ға жеткен.
«Қайрат» клубының басшылары 4 мамырда «Атыраумен» болған ойында төрешілер пенальтиді әділетсіз тағайындады деп наразылық білдірсе, «Астана» клубы соңғы үш матчта да әділетсіздіктің құрбаны болдық деп отыр.
«Қайрат» футбол клубы 2024 жылдың 4 мамырында «Атырау» футбол клубына қарсы өткен премьер-лиганың жетінші турындағы матчтағы төрешілік сапасына алаңдаушылық білдіреміз. Осыған байланысты Қазақстан футбол федерациясына осы оқиғаға қатысты объективті тергеу жүргізуді талап етіп, ресми шағым жіберілді. Біз ҚФФ бұл мәселені тез арада қарастырып, тиісті шараларды қабылдайды деп күтеміз», - делінген «Қайрат» клубының ресми өкілдері таратқан мәлімдемесінде.
«Ақтөбеде керемет матч болды. Жарнамасы өз-өзін ақтады. Стадионда ине шаншар орын болған жоқ. Алғаш рет біздің жанкүйерлер Ақтөбеге барды. Бірақ осындай футбол мерекесін төрешілердің қателігі бұзды. Ешкімді кінәлағым келмейді, алайда соңғы кездері осындай жағдай көбейіп кетті. Бұған дейін «Елімаймен» ойында бір футболшымызға қызыл қағаз көрсетті, «Тобылмен» кездесуде ереже бұзылса да, гол есепке алынды. Енді, міне, «Ақтөбемен» матч та сол қатарда. Бұл бір нонсенс. Қарсыластың деңгейін мойындаймыз, бірақ біз осындай қателіктен 7 ұпай жоғалттық. Бұл бір «Астанаға» деген жеккөрушілік пе? Түсінбедім?», - дейді «Астана» клубының спорттық директоры Игорь Павлюк.
Ал, ҚФФ президентінің кеңесшісі Ермұхамед Мәулен адами фактор болғандықтан төрешілерден де кейде қателіктер кететінін жасырмады. Десе де, жылдан жылға олардың төрелік ету деңгейі жоғарылап келеді деді ол.