Ол Қазақстан футболындағы кемшіліктерді теріп айтты
Қазақстандық футбол сарапшысы Ержан Нұрбеков Қазақстан мен Өзбекстан құрамаларының әлеуетін салыстырды.
UPL-ге берген сұхбатында Нұрбеков Өзбекстандағы футболдың дамуы туралы айтты.
– Қалай ойлайсыз, Қазақстан мен Өзбекстан футболында ортақ не дүние бар?
– Футбол мектептері ұқсас. Біздің елде де, сіздің еліңізде де футбол бастауын кеңестік мектептен алады. Соңғы жылдары ғана спортшыларды даярлауда жаңа әдістер пайда болып жатыр. Бұл әдістердің жемісін бере бастағанын көріп жүрміз. Өзбекстанда техникасы мықты футболшылар көп, Қазақстанда басымдық физикалық даярлыққа беріледі. Тағы бір ортақ мәселе: бізге де, сіздерге де чемпионат деңгейін көтеру керек. Біздің чемпионаттар тым әлсіз, көшбасшыларға төтеп бере алатын командалар өте аз.
– Қай құрама мықтырақ – Өзбекстан ба, Қазақстан ба?
– Осыдан 3-4 жыл бұрын сұрағанда, Еуропа футболының өкілі ретінде Қазақстанды атаушы едім. Алайда, соңғы жылдары сіздің елде талантты жас футболшылар көбейді. Өкінішке қарай, бізде жас ұрпақты даярлауда қателік көп. Меніңше, 5-10 жылда өзбек футболы жаңа деңгейге шығады. Қазірдің өзінде сіздердің әртүрлі жастағы құрамаларыңыз тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүр. Қазір өзбек футболы қазақ футболынан мықты.
– Қазақстан Өзбекстандағы футболдың даму деңгейіне қалай қарайды?
– Сіздер үшін қуаныштымыз. Сөйте тұра сіздердің жетістіктеріңізге іштей қызғана қараймыз. Біз де Олимпиада ойындарына іріктелуді қалаймыз. Әзірге біздің футболшылар бұған қауқарсыз. Сіздердің жетістіктеріңізден соң бізде де оң өзгерістер болады деп үміттенемін. Жалпы, Өзбекстан мен Қазақстан арасында спортта бәсекелестік қай кезде де болған. Неге? Себебі бізде Өзбекстанның жетістіктеріне ерекше назар аударылады. Қазақ футболына толықтай реформация қажет.
– Қалай ойлайсыз, Қазақстан мен Өзбекстаннан ең мықты 10 клубты іріктеп, ортақ чемпионат ұйымдастыру қажет пе?
– Тамаша ой, бұл шынымен де қызығушылық тудырып, стадионға адамдар көптеп жиналушы еді. Дегенмен, оны жүзеге асыру оңай емес. Себебі Қазақстан Еуропа футболында, ал Өзбекстан Азияға қарайды, тиісінше біріктіру қиын соғады. Бұл «Барселона» мен «Реал Мадрид» арасында өтетін Суперлига секілді ғой.