Қазақстанның өміріне бейімделе алмадым – «Астанадан» кетіп қалған легионер шындығын айтты

08.05.2024, 00:08

Ол елордалық клуб сапында небәрі үш матч ойнаған

Астана ФК

«Астана» клубына биыл ғана келген испан легионері Карлитос Қазақстаннан кетіп қалды. Ол Қазақстандағы өмірге бейімделе алмағанын айтқан.

«Астана» клубына мені алып қалғысы келгендер мен олардың қарым-қатынасы үшін алғысымды айтам. Осы уақытқа дейін жеті елдің футбол клубында ойнадым. Мансабымда алғаш рет осы мемлекетке және оның футболына үйрене алмадым», - деп жазды Карлитос өзінің Instagram-парақшасында.

БАҚ өкілдерінің жазуынша, испан легионері «Астанадан» кетуі үшін өз қалтасынан қомақты қаражат төлеген. Енді ол Испанияның Сегундасында өнер көрсетуді көздеп отыр. Дегенмен, нақты қай клубқа баратыны әлі белгісіз.

Айта кету керек, Карлитос «Астана» сапына биыл наурыз айында келген болатын. Ол небәрі үш ойынға қатысып, ешқандай нәтижемен көзге түспеді.