«Ливерпуль» жанкүйерлері Юрген Клоппты ерекше шығарып салды (ВИДЕО)

Редактор
19.05.2024, 23:04

Ол енді Англияда мүлдем бапкер болмайтынын айтты

Getty Images

«Ливерпуль» жанкүйерлері команданы тоғыз жылға жуық баптаған Юрген Клоппты ерекше шығарып салды. Қала көшелері толықтай қызыл түске боялып, фанаттар неміс маманына әндетіп алғысын айтты.

Бүгін Юрген Клопп «Ливерпульдің» бас бапкері ретінде соңғы матчын өткізді. АПЛ-дың 38-туры аясында мерсисайдтықтар «Вулверхэмптонды» қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Ал, матчтан кейін клуб ойыншылары бапкерді қимай шығарып салып, кейбірі көзіне жас алды.

Айта кетейік, Юрген Клопп «Ливерпуль» клубында 9 жылға жуық жұмыс істеді. Осы жылдар ішінде мүмкін болған трофейдің барлығын жеңді. Клопптың тұсында араға 30 жыл салып, команда Англия Премьер-лигасында жеңіске жетті. Чемпиондар лигасында да топ жарды.

«Қоштасу ешқашан оңай болмаған. «Майнц» командасын жаттықтырған тұста соңғы тур жақындағанда егер осы ойынды жеңіп, Бундеслигаға өтсек, қаламын деп айттым. Бірақ басқа команда ұтты. Қолымыздан келмеді. Ал қазір мүлдем басқа жағдай. Менің кететінімді бәрі алдын-ала біліп отыр. Бұл менің мансабымдағы ең ұзақ кезең. Англиядағы жолым осымен бітті. Енді бұл елдің басқа клубын жаттықтырмаймын», - деді Юрген Клопп.