Магомед Адиев шәкірттері «Зениттен» ойсырай жеңілді

Редактор
20.05.2024, 00:28

«Ахмат» қақпасына бес голды да бір ойыншы соқты

FC-ZENIT.RU

Футболдан Ресей Премьер-лигасының 29-туры аясында Магомед Адиев жаттықтыратын «Ахмат» клубы өз алаңында питерлік «Зенитті» қабылдап, 1:5 есебімен ойсырай жеңілді. Қонақтар сапынан бес голды да Матео Кассьерра соқты.

Ойынның небәрі төртінші минутында «Зенит» шабуылшысы есеп ашса, араға бес минут салып ол дубль авторы атанды. Ал, 11-минутта «Ахмат» сапынан Мохамед Конате гол соғып, есепті қысқарта алды. Десе де, 45-минутта Кассьерра үшінші голын соғып, командалар үзіліске 1:3 есебімен тарқасты.

Екінші тайм бастала салысымен (46-минут) «Зениттің» колумбиялық шабуылшысы «Ахмат» қақпасына төртінші голын соқты. Ол мұнымен тоқтаған жоқ, 51-минутта Кассьерра пента-трик авторы атанды.

Осы жеңістен кейін Семак шәкірттері турнир кестесінің екінші сатысына оралды. Олар бірінші орындағы «Динамодан» екі ұпайға қалып келеді. Ал, «Ахмат» 10-орында.