«Рейтинг жайына қалды»: Сметов, Серікбаев, Шамшадин өзара спарринг өткізуі мүмкін

Редактор
30.05.2024, 22:18

Бұған дейін боксшылар арасында дәл осындай жүйе қолданылған болатын

Қазақстан дзюдо федерациясы

Қазақстандық спорт функционері Жандос Қонысбаев дзюдодан ұлттық құраманың бір салмақтағы үш спортшысы арасында спарринг өткізу туралы ұсыныс жасады.

Бұл туралы ол әлеуметтік желіде бейнежазба жариялап, өз ұсынысын айтып отыр. Жандос Қонысбаев әлемдік рейтингте жоғары ұпай жинаған Серікбаев, Шамшадин және Сметов арасында іріктеу әділ өтуі тиістігін алға тартты.

«Қадірменді дзюдосүйер қауым!  Бүгінгі тақырып дзюдодағы 60 кг салмақ дәрежесі аясында болмақ. 2024 жылдың басты бәсекесі – Парижде өтетін Олимпиада ойындарына бұл салмақта кімнің баратыны әлі белгісіз. 26 мамырда әлемдік рейтинге Олимпиадаға баратын спортшылар тізімі шықты. Соның ішінде біздің 3 дзюдошымыз бар. Олар – Нұрқанат Серікбаев, Мағжан Шамшадин және Елдос Сметов. Ал үшеудің арасындағы бәсекеде Олимпиадаға баруы үшін дұрыс шешім қабылдануы тиіс. Себебі, осы шешім ол спортшының Олимпиададағы нәтижесіне әсер етуі мүмкін. Бұл жерде спорт федерациясы, комитет тарапы дұрыс шешім қабылдауы қажет. Себебі, белгісіз себептермен, жеке адамдардың ойларымен бір спортшыны таңдап жіберетін болсақ, қалған екеуіне обал болады», - деді ол өз ұсынысында.

Бұған дейін өткен әлем чемпионатында 60 келіде Елдос Сметов пен Нұрқанат Серікбаев сынға түскен еді. Алайда, Серікбаев іріктеу кезеңдерінде сүрінсе, Сметов үшінші орын үшін күресіп, бесінші орынмен аяқтады. Ал мамыр айының басында Астанада өткен Гранд Слэм бәсекесінде Сметов үшінші орынға ие болса, өзге екеуі жүлдеге ие бола алмады.

Мағжан Шамшадин жарақатынан кейін біраз уақыт үзіліс алып, таяуда Душанбеде өткен турнирде екінші орынға ие болған. Ал, Серікбаев наурыз айында Тбилиси Гранд Слэмінде топ жарғанымен, Азия чемпионатын бесінші орынмен аяқтады. 

Қазіргі уақытта әлемдік рейтингте Нұрқанат Серікбаев 3401 ұпаймен 15-ші орында тұрса, Елдос Сметов 2914 ұпаймен тізімде 22-ші сатыға жайғасты. Ал Мағжан Шамшадин 2844 ұпаймен 24-ші орында тұр.