«Енді менің кезегім»: Роналду Мбаппенің ауысуына қатысты пікір білдірді

Редактор
04.06.2024, 09:40

Португалдық даңқты футболшы «Реал» сапында тоғыз жыл ойнады

instagram.com/k.mbappe/

«Әл-Наср» клубының португалдық шабуылшысы Криштиану Роналду Килиан Мбаппенің мадридтік «Реалға» ауысуына пікір білдірді.

3 маусымда Мбаппе корольдік клубпен келісімшартқа қол қойғаны айтылған болатын. Қуанышы қойнына сыймаған футболшы бала кезінен «Реалға» жанкүйер екенін мәлімдеген, яғни әлеуметтік желіге кішкентайында «Реалдың» жейдесімен түскен фотосуреттерін жүктеді. Солардың бірінде ол Криштиану Роналдудың жанында тұр. Роналду болса көп күттірмей өз жауабын жазды.

«Енді менің кезегім (сені ойыныңды бақылауға). «Сантьяго Бернабеуде» атой салатын күніңді асыға күтем. Жасасын Мадрид», - деп жазды ол Мбаппенің жазбасының астына.

Еске салайық, Криштиану Роналду «Реал» сапында 2009-2018 жылдар аралығында ойнап, Чемпиондар лигасын төрт рет, Испания кубогі мен суперкубогін екі реттен, Испания чемпионатын екі рет, УЕФА Суперкубогін екі рет және клубтық әлем чемпионатын үш рет жеңіп алды. Сондай-ақ, ол клубтың ең үздік сұрмергені атағына ие (438 ойында 450 гол соққан).