Бай болса да «простой» футболшылар

19.06.2024, 23:50

Спорттық мансапта үлкен жетістікке жету үшін көп нәрсені құрбан етуге тура келеді. Егер тура жолыңнан, көздеген мақсатыңнан тайқып кетсең, әп-сәтте бар абыройыңнан айырылып қалуың ғажап емес. Әсіресе, мұндай жағдай спортшылар арасында жиі кездесіп жатады. Мәселен, көптеген атақты футболшылар атағына мастанып, түрлі жанжалдың, айқай-шудың ортасында қалып, қыз зорлау, бәс тігу сияқты фактілерімен көзге түсетіні жасырын емес. Ал екінші тарап алаңда да, алаңнан тыс жерде де қарапайымдылық танытып, жанкүйерлердің ерекше құрметіне бөленіп жүреді.

1bol.kz

Осы ретте Бірінші гол арнасы бүгін футбол әлемінде қарапайымдылығымен көзге түсіп, биік белестерді бағындырған футболшыларға шолу жасағанды жөн көрдік.

Мұхаммед Салах

Англияның «Ливерпуль» клубы мен Мысыр құрамасының шабуылшысы Мұхаммед Салах қай кезде де игі істер мен қайырымдылық шаралардың басы-қасында жүретін футболшының бірі. Салах әрқашан өз отандастарына көмек қолын созып, Мысырда спорт кешендері мен футбол алаңдарын, мектептер мен ауруханалар салдырған. Жоқшылықта өсіп жатқан балалардың өмірде өз жолын табуға Мұхаммед үнемі жәрдемдесіп жүреді.

COVID-19 індетіне қарсы күрес кезінде ол Мысыр еліне 1 мың тонна азық-түлік пен тамақ жөнелтіп, ауруханаларға қаржылай көмек көрсеткен. 2017 жылы Мысыр үкіметі өздерінің ұлттық валютасын құнсызданудан сақтап қалу үшін әлемнің әр қиырында жүрген бай-қуатты азаматтардан қаражат сұрауға мәжбүр болды. Айтулы теңбіл доп шебері бұл ұсынысты ең бірінші болып қолдап, арнайы есепшотқа 210 мың фунт стерлинг көлемінде қаржы аударғаны көпшіліктің есінде.

Сондай-ақ ол ешқашан қымбат көлік мініп, үлде мен бүлдеге оранған кезін суретке түсіріп, оны әлеуметтік желіге салып мақтанған емес.

Лейтон Бейнс

Ағылшындық Лейтон Бейнсті былайғы жұрт аса танымау мүмкін. Бірақ «Эвертон» клубының жанкүйері оны жақсы біледі деп ойлаймыз. 2007-2020 жылдар аралығында 13 жыл «Эвертон» намысын қорғаған қорғаушы команданың бірнеше рекордын жаңартқан. 2010-2011 жылғы маусымда Лейтон «Эвертон» сапында 44 ресми матчқа қатысқан және барлық кездесуде 90 минут ойнаған жалғыз футболшы. 2014 жылы оған «Манчестер Юнайтед» клубынан ұсыныс түскенде «Эвертонның» сол кездегі жұлдызды құрамын сақтап қалу үшін ол мол қаржыдан да, атақтан да бас тартқан. Сондай-ақ Бейнс Англия құрамасы сапында да бірнеше жыл өнімді ойнады. Бірақ ол өзін ешқашан жұлдыз футболшы санамаған. Тіпті, қорғаушы Англия ұлттық құрамасына шақырту алғанда әлемнің ең атақты, жұлдыз футболшыларын көріп, киіну бөлмесіне кіруге ыңғайсызданған екен.

Андреас Иньеста

Испания құрамасы мен «Барселона» клубының аңызы Андреас Иньеста көпшіліктің есінде алаңдағы ойынымен және қарапайымдылығымен қалған футболшы. Әлі күнге дейін жасыл алаңда өнер көрсетіп келе жатқан жартылай қорғаушы туралы шетелдік БАҚ беттерінде оның біреумен жанжалдасқаны, ойын-сауық кештеріне барып, жаман әдетімен көзге түскені туралы жазба кездескен емес. Ол туралы тек жылы сөздерді, мақтау мен мадақты естуге болады. Әйтпесе, Иньеста қазіргі кейбір футболшылар көтере алмайтын атақ-даңққа ие. Ол тоғыз рет Испания чемпионатын, төрт мәрте Чемпиондар лигасын, алты рет Испания кубогын, жеті мәрте Испания Суперкубогын, үш рет Еуропа Суперкубогын және үш клубтық әлем чемпионатын жеңіп алды. 2008/2009 маусымда Испанияда жылдың үздік футболшысы, 2012 жылы УЕФА нұсқасы бойынша Еуропаның ең үздік ойыншысы атанды. Футболшыға тек «Алтын доп» сыйлығы ғана бұйырмай кеткені өкінішіті.

Кевин Де Брёйне

Бельгия ұлттық құрамасы мен «Манчестер Сити» клубының ойыншысы Кевин Де Брёйне әлемдегі ең үздік жартылай қорғаушылардың бірі. Футболшы әлем және Еуропа чемпионатын, «Алтын доп» марапатын жеңбеді демесеңіз, қалған атақтың бәрін алды. Алты рет АПЛ чемпионы атанып, бір-бір мәрте Чемпиондар лигасын, УЕФА Суперкубогін, командалар арасындағы әлем чемпионатын жеңді. Одан бөлек те тағы қаншама кубокты басынан асыра көтерді. Жеке атақтардан да кенде емес. Төрт рет Ағылшын Премьер-лигасының, бір рет Чемпиондар Лигасының үздік ассистенті, алты мәрте Чемпиондар лигасының символикалық құрамына енді. Екі рет Ағылшын Премьер-Лигасы маусымының ойыншысы атанды. Кәсіпқой футбол қауымдастығының нұсқасы бойынша екі рет жыл ойыншысы атағын жеңіп алды. Бұдан да бөлек жеңіп алған жүлдесі жетерлік. Осындай атақ-дәрежесіне қарамастан, Кевин ешқашан өзін жұлдыз санап, жаман әдетімен көзге түспеген. Тіпті қымбат дүкендерде жүргені туралы да ақпарат жоқ. Оның өмір жолы тек қарапайымдылықтан тұрады.

Кристиан Эриксен

«Тоттенхэм» сапында көпшілікке танылған даниялық футболшы Кристиан Эриксен туралы жанкүйерлер арасында да, БАҚ беттерінде де жаман пікір айтылмайды. Өзімен жұмыс істеген жаттықтырушыларды Эриксен қанша талантты футболшы болса да, қарапайымдылығымен және тыңдай білетінімен  таң қалдырып келеді. Мәселен, «Тоттенхэм» клубында жұмыс істеген жаттықтырушы Славен Билич бір сұхбатында Эриксенмен жұмыс істеу өте оңай және жеңіл екенін айтқан. Ол әрқашан жаттықтырушылардың берген тапсырмасын бұлжытпай орындап, сөзін ешқашан екі етпеген. Оның өмірлік ұстанымы – айтылды ма, демек, орындау керек. Дауласу, адаммен ерегісу оған жат қылық.

Лука Модрич

2018 жылғы «Алтын доп» иегері хорватиялық Лука Модричті футбол мамандары Мессимен, Роналдумен бір қатарға қойып жатады. Алаңда атқарып жүргені ісі расымен, екі футболшыдан еш кем емес. Бірақ жасыл алаңның сыртында олармен жарыса алмайды. Өйткені Модрич табиғатынан қарапайым адам, қарапайым футболшы. Ол ешқашан сақал қойып, шашын бояған емес. Барбершопқа барып шашын сәндеген жоқ. Бренд киім киіп, сән қуған кезін ешкім көрмеген. Сәтті шыққан кадрларын желіге салып, лайк жинау оның деңгейі емес. Желіге сурет салса тек әйелін, балаларын ғана салады. Сондай-ақ ол жарқыраған жарнамаларға оңайлықпен түсе қоймайды. Алайда Лука ауру балалар мен қарттарға көмек көрсету акциясынан ешқашан бас тартпайды.

Модрич ешқашан жеке басының нәтижесі үшін ойнап, статистика қумайды. Ол гол соғып, оның тойлағаннан емес, футбол ойнағаннан, жанындағы әріптестеріне нәтижелі пас бергеннен, оларға көмектескеннен ләззат алатын футболшы. Сол үшін де оны бүкіл футболшы құрметтейді, барлық жанкүйер жақсы көреді.  

Садио Мане

Сенегалдық Садио Мане де Салах секілді әрқашан қайырымды істердің басында жүретін футболшы. Ай сайын қаржыны күреп тауып жатса да, ол экраны жарылған телефонмен, бір жаны соғылған көлігімен жүре береді. Есесіне ол бағалы заттарға жұмсайтын қаржысын Сенегалдың кедей аудандарының тұрғындарына, өз туған еліне мектеп пен стадион салуға, адамдарға киім-кешек пен аяқ киім сатып алуға жұмсайды. Журналистер футболшыдан неліктен қымбат сағат, қымбат көлік сатып алмайтынын сұрағанда, ол маған бұлардың еш қажеті жоқ деп жауап берген. Өйткені ол кедейліктің қасіретін көп тартқан. Бала күнінде күннің астында жұмыс істеп, ашқұрсақ жүрген.

Футболшының өзі «қазір әлемде кедейліктің қамытын киген адамдар өте көп. Солардың көзіне гауһар тастармен көмкеріліп, қымбат көлікпен түскім келмейді. Әлемде сән-салтанатқа емес, көмекке мұқтаж адамдар көп. Футбол маған жақсы ақша табуға мүмкіндік берді ме, демек мен де мүмкіндігіме қарай табысымның кем дегенде бір бөлігін кедей адамдармен бөлісуге міндеттімін», дейді. ол

Н'голо Канте

2018 жылғы әлем чемпионатында Франция чемпион атанып, Мбаппесі бар, Гризманы бар бәрі әлем кубогімен суретке жанталаса түсіп жатқанда Францияның чемпион атануына сүбелі үлес қосқан Н'голо Канте финалда дұрыс ойнай алмадым деп кубокпен суретке түсуге ұялып, ұзақ уақыт ыңғайсызданып жүрген. Осы жағдайдан кейін-ақ Кантені қарапайым футболшылардың амбассадоры деп  беймарал айта беруге болатын шығар.

Бірде «Челси» сапында ойнап жүргенде Канте пойызға кешігіп қалып, келесі пойызды күтіп отырғанда бір топ жергілікті жанкүйерлер оны қаумалап, әдеттегідей суретке түсуін, қолтаңба беруін сұрайды. Ешқашан қарсылық танытпайтын Канте бәрімен жеке-жеке суретке түсіп, жанкүйерлермен танысып алады. Тіпті ішіндегі бір пысақайы Кантені қонаққа шақырып, үйіне алып кеткен. Сөйтіп кешкі пойыз келгенше әлгі жанкүйерлермен бірге компьютерлік футбол ойнап, уақыт өткізген. Қазір кей футболшыларды үйіңе қонаққа шақыру былай тұрсын, фотоға түсудің өзі үлкен мұң.

Канте де көп футболшы секілді жылтырақ дүниеге қызыға бермейді. Қанша атақты, бай болса да ол әлі күнге дейін Mini Cooper көлігімен жүреді. Тіпті, «Лестермен» чемпион болғанда клубтың әрбір футболшысына команда қожайыны қымбат көлік сыйласа да, Канте ол көліктен бас тартқан. Әлемде ақшаға да, атаққа да сатылмаған бір адам бар болса, ол – Н'голо Канте.

Тонни Кроос

Германиялық футболшы Тонни Кроос та алаң сыртындағы әрекетімен көпке үлгі. Кроостың өте қарапайым және кішіпейіл футболшы екенін айтудың өзі артық. Оның жеке өмірі, бейәдеп қылықтары туралы БАҚ беттерінде мүлде айтылмайды. Бір қызығы, германиялық перфекционист өзінің үйлену тойын артық шығынсыз, даңғазалықсыз және тамадасыз атап өткенін көпшілік біле бермеуі мүмкін. Ешқашан даулы сұхбат беріп,  казино ойнап, мас болып түнгі клуб жағалап жүр деген жаман атқа қалмаған. Былайша айтқанда, неміске тән өмір сүріп келеді. Дүние қуып, жалған атаққа ерген жоқ. Кейбір атақты футболшылар ақшаның соңынан еріп, Сауд Арабиясына кетіп жатқанда «жігіттер ақшаны емес, арды ойлаңдар» деп бас көтерген де Кроос. 2014 жылы «Реалға» ауысқан кезде киген бутсысын күні кеше ғана шешті. Кейінгі 10 жылда адидас оған 10 жаңа бутсы ұсынған, бірақ Кроос бәрінен бас тартып, өзіне ыңғайлы ескі аяқкиімімен ойнап келді. Футболға құбылыс болып келген Кросс биыл дәл сол бигіненде қалып, футболмен қоштасатынын мәлімдеді.

Криаштиано Роналду

Қарапайым футболшылар туралы сөз қозғағанда Криаштиану Роналдуды айтпай кеткеніміз жөн болмас. Роналду да үнемі қайрымды істердің басы-қасында жүреді. Тіпті, ол біз жоғарыда атаған футболшылардан қайырымдылық жасау бойынша бірінші орында тұрады. Ол жыл сайын игі істерге 10 миллион еуродан астам қаражат аударып, үнемі қан тапсырып, науқас балалармен жиі кездесіп, қайырымдылық іс-шараларынан қалыс қалмауға тырысып отырады.

Одан бөлек, науқас балалардың операциясына ақша беріп қана қоймай, әртүрлі іс әрекеттерімен оларға қолдау білдіріп жатады. Футболшы өз жанкүйерлерін де назардан тыс қалдырмай, өзімен құшақтауға, суретке түсуге тырысқаны үшін қамауға алынған жанкүйерін жазадан құтқарып қалуға тырысады.

Міне, біз сөз еткен кейіпкерлер қарапайымдылықтың арқасында әлемге әйгілі тұлғалар қатарына қосылған футболшылар. Олардың өмірлік ұстанымы, көпке үлгілі ісі үлкен спортқа қадам басқан кез келген жас жеткіншекке үлгі болады деп ойлаймыз.

Материалда: