Халық асыға күткен жаңа стадионның іргетасы қаланады
Шымкентте жаңа стадионның іргетасын қалау рәсімі өтеді. Халық асыға күткен жаңа стадионның құрылысы бүгін басталады.
Іргетасына алғашқы тас қалау рәсімі 28 маусым күні сағат 11:00-де Тұран – 2 шағынауданында өтеді. Салтанатты шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, футбол жұлдыздары мен танымал блогерлер және спорт жанкүйерлері қатысады.
35 мың адамға лайықталған жаңа аренаның аумағы – 21 гектар. Заманауи стадион қала тұрғындарының футболға деген қызығушылығын арттыра отырып, футболшылар мен жанкүйерлерге шабыт берері сөзсіз. Сондай-ақ, әлемдік додалар өткізуге мүмкіндік береді және туризмнің дамуына ықпал етеді.
Айта кетейік, Шымкентте “Ордабасы” клубының негізгі аренасына айналған Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион бар. Оның іргетасы 1969 жылы қаланған.