«Ұлы ойыншыны проблема қыла саламыз». Қазақ комментаторы жылап қалған Роналдуды жақтап шықты

Редактор
03.07.2024, 00:13

Роналду Германиядағы құрлық біріншілігі соңғы Еуросы екенін айтты

Reuters

Португалия мен Словения матчының экстра-таймында пенальтиден мүлт кеткен соң, Криштиану Роналдуға қатысты да әр түрлі хейт айтылды. Дегенмен 39 жастағы капитанды қолдаушылар да табылды. Мысалы, әлеуметтік желіде қазақстандық комментатор Айбек Қабылша өз ойын білдірген.

«Португалияда тек Роналду арқылы ойнайды деген бос сөз. Лукаку да, Кейн де, Левандовски де орталық шабуылшы ретінде не тындырып жатыр? Ешбір дәлел-дәйексіз ұлы ойыншыны проблема қыла саламыз. Сонда пенальти сала алмай қалғаны үшін жазғырамыз ба? Ойыншылар тек қана Криштиануды іздегенін көрдіңіздер ме ? Канселу бір де бір рет Роналдуға пас берді ме? Ол осы Еурода оң қапталдан Роналдуға пас асырғанын көрген емеспін. Сондай-ақ Бруно Фернандеш пен Бернарду Силва допты ала салып, Роналдуды іздеген сәті болды ма? Мәселен кеше Англия 96-минутта әрең дегенде аман қалды. Сонда ол жақта кімге пас ойнап жатыр? Франция кеше словактардан жеңілген, Украинадан 90 минут бойы қорғанған Бельгияны әзер ұтты. Онда да ойын соңындағы автоголдың арқасында. Біз мында жатып алып, КриРо проблема дейміз. Бір нәрсені түсіну керек. Қәзір бүкіл команда тактикалық тұрғыда қорғануды керемет меңгерген! Соның арқасында Қазақстан да өткен іріктеуде тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізді. Ал Криштану Роналду проблема емес. Ол бақ! Оның өнерін 20 жыл бойы ірі додадан көріп отырған біз де бақыттымыз. Криштанумен суретке түсіп қалу үшін бәріне дайын болып жатқан жанкүйерлер бақытты. Құрамасы жеңіске жетіп, ел тарихында алғаш рет Еуроның плей-офына шығып жатқанда, қуанышын командасымен бөлісуден бұрын, Криштианудың қолын алуға асыққан Кварацхелия бақытты. Сондықтан да, күннің көзі түспеген көлеңкеде отырып, тым биік тұрған Тауды кінәлай салу ең оңайы», - дейді Айбек Қабылша.

Айта кетейік, Роналду экстра-таймда пенальтиден мүлт кеткенімен, матч соңындағы серияда дәлдік танытты. Ол Германиядағы құрлық біріншілігі соңғы Еуросы екенін айтты.