Нидерланд құрамасы Румынияны ойсырата жеңіп, ширек финалға шықты

Редактор
03.07.2024, 00:21

Енді Нидерланд құрамасы ширек финалда Аустрия мен Түркия арасындағы жеңімпазбен сынға түседі

Getty Images

Футболдан Еуропа чемпионатының 1/8 финалында Нидерланд құрамасы Румынияны айқын басымдықпен ұтып, ширек финалға шықты.

D тобында 4 ұпаймен үшінші орынға тұрақтаған нидерландтықтар плей-офф кезеңінде румындарды жасыл алаңда қыспаққа алды. Ойынның 20-минутында «Ливерпуль» шабуылшысы Коди Гакпо Хави Симонстың пасын голға айналдырды.

Осылайша бірінші тайм Нидерланд құрамасының басымдығымен аяқталды. Ал, екінші таймда Гакпоның соққан голы есепке алынбады. Неміс төрешісі Ф.Цвайер офсайд деп санады.

Дегенмен, 83-минутта шабуылшы Гакпоның пасын Доньелл Мален оңтайлы қолдана білді. Ал, қосымша минуттарда алғы шепке шыққан Мален дубль жасап, есепті 3:0-ге жеткізді.

Енді Нидерланд құрамасы ширек финалда Аустрия мен Түркия арасындағы жеңімпазбен сынға түседі. Ширек финалдық алғашқы ойын 5 шілде күні Испания мен Германия арасында өтеді.