«Ақтөбе» жанкүйерлері Асхат Тағыбергенді шешесінен балағаттаған

Редактор
03.12.2023, 17:01

Ол «Ордабасының» сапында биыл Қазақстан чемпионы атанды

Prosports.kz

Футболдан Қазақстан құрамасы мен шымкенттік «Ордабасының» капитаны Асхат Тағыберген журналист Нұрсұлтан Құрманға сұхбат беріп, «Ақтөбе» жанкүйерлерімен жуырда болған кикілжің туралы айтты.

«Көбі мені Ақтөбенің тумасы деп ойлайды. Бірақ, мен Қызылордада туып өстім, сол жерде футбол ойнап үйрендім. Мен «Ақтөбеге» гол соққанымда трибунадан жанкүйерлер балағаттап жатты, анама тіл тигізді. Мен оларды сабыр сақтауға, балағат айтпауға шақырдым. Бірақ, журналистер оны «жанкүйерлердің аузын жаппақ болды» деп беріп жатты. Мен олардың аузын жабатындай ешкім емеспін.

Сондай-ақ, Ақтөбеде гол соққанымда неше үшін алаңда қуанды деп те айыптап жатты. 2019 жылы «Қайсар» сапында жүргенімде де «Ақтөбеге» өз алаңында гол соғып, атойлап қуанғанмын. Ол кезде бірақ ешкім үндеген жоқ. Бұл жолы бәлкім «Ордабасы» мен «Ақтөбе» чемпиондыққа таласқан соң осындай эмоция білдірген шығар», - деді Асхат Тағыберген.

Еске салайық, биыл Қазақстан чемпионатының соңғы турларының бірінде «Ақтөбе» өз алаңында «Ордабасыны» қабылдап, ойынның 26-минутында Асхат Тағыберген айып добын қақпаға дәл соқты. Осы сәтте жанкүйерлер жаппай айғайға салып, футболшыны балағаттаған.