Биылғы ЧЛ жаңа форматта өткелі жатыр
УЕФА Чемпиондар лигасының 2024/2025 жылғы маусымына қатысатын 36 команданың барлығы анықталды. Турнирдің жеребесі 29 тамызда тартылады.
Соңғы іріктеу кезеңінде Загребтің «Динамосы» Әзербайжанның «Карабах» клубынан басым түссе, «Црвена Звезда (Белград, Сербия), норвегиялық «Буде-Глимтты» қапы қалдырды.
Сондай-ақ, қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс Словакияның «Слован» клубы да жолдама алды. Олар Данияның «Мидтьюланд» клубын екі ойынның қорытындысы бойынша жеңді. «Слованды» қазір Алматының «Қайрат» клубының экс-бапкері Владимир Вайсс жаттықтырса, ойыншылар арасында «Қайсар» мен «Астанада» өнер көрсеткен армениялық Тигран Барсегян бар. Ол кеше түнде жеңіс голын соқты.
Сонымен қатар, Францияның «Лилль» клубы Чехияның «Славия» командасын айналып өтті.
Топтық кезеңде ойнайтын командалар:
Бірінші себет: «Манчестер Сити», «Ливерпуль» (Англия), «Бавария», «Боруссия» Дортмунд, «Лейпциг» бәрі де — Германия), «Реал», «Барселона» (Испания), «Интер» (Италия), «ПСЖ» (Франция);
Екінші себет: «Аталанта», «Ювентус», «Милан» (Италия), «Байер» (Германия), «Атлетико» (Испания), «Брюгге» (Бельгия), «Шахтер» (Украина), «Бенфика» (Португалия), «Арсенал» (Англия);
Үшінші себет: «Фейеноорд», ПСВ (Нидерланды), «Зальцбург» (Австрия), «Лилль» (Франция), «Спортинг» (Португалия), «Динамо» Загреб (Хорватия), «Црвена Звезда» (Сербия), «Янг Бойз» (Швейцария), «Селтик» (Шотландия);
Төртінші себет: «Слован» (Словакия), «Астон Вилла» (Англия), «Болонья» (Италия), «Монако», «Брест» (Франция), «Спарта» (Чехия), «Штурм» (Австрия), «Жирона» (Испания), «Штутгарт» (Германия).