Түркістанда 16,7 млрд теңгеге салынып, дымға жарамай қалған стадион жөнделіп бітті (ВИДЕО)

Редактор
03.09.2024, 01:02

Мұнда «Тұран» 14 қыркүйекте «Шахтерға» қарсы ойынын өткізеді

skcn.kz

Түркістанда күрделі жөндеуге жабылған «Түркістан Арена» стадионы қайта пайдалануға берілді. Бұл туралы «Тұран» футбол клубының Instagram-парақшасында жазылған.

Құрылысына 16,7 млрд теңге жұмсалған спорттық нысан 2021 жылы пайдалануға беріліп, небәрі бір матч өткізгеннен кейін дымға жарамай қалған еді. Ойын болған күні жаңбыр жауып, футболшылар алаңда тізеден суға батып қалғаны көпшіліктің есінде. Мұнан кейін стадион жабылып, ол жерге тағы да миллиардтаған ақша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Белгілі болғандай, 14 қыркүйекте «Түркістан Аренада» Қазақстан Премьер-лигасының 20-туры аясындағы ресми матч ойналады. Бұл күні жергілікті «Тұран» осынау алаңда Қарағандының «Шахтерын» қабылдамақ. Ойын 19:00-де басталады.

Жөндеу жұмыстары жүргізілген екі маусымда «Тұран» өз алаңындағы матчтарды Шымкентте өткізіп келді. Енді тағы да жаңбыр суы шайып кетпесе түркістандық команда «үй матчтарын» су жаңа стадионда өткізеді.