«Қайраттан» кету маған ауыр тиді – ресейлік Александр Кержаков

Редактор
10.09.2024, 17:20

Бапкер «Қайрат» Қазақстандағы ең үздік құрама екенін айтты

kazfootball.kz/

Өткен аптада «Қайраттың» бас бапкері Александр Кержаков қызметінен кеткені белгілі. Ресейлік БАҚ-та клуб президенті Қайрат Боранбаевтың Кержаковты балағаттағаны жөнінде жазылды. Алайда, Боранбаев өзі арнайы сұхбат беріп, айтылған қауесетке нүкте қойған еді. 3 ай бойы алматылық құраманы жаттықтырған бапкер Александр Кержаков sports.ru басылымына берген сұхбатында отставкасы ауыр тигенін жасырмады.

– Өткен аптада сіз «Қайраттан» кетіп қалдыңыз. Көпшілік команданың бірінші орында тұрғанына қарамастан бапкердің отставкаға кеткеніне таңғалды.

– Иә, расында да солай. Бірақ жағдай осылай болып қалды, шешім қабылдау мен үшін оңай болған жоқ.

– Иван Карпов жазғандай, «Астанадан» ұтылғаннан кейін «Қайраттың» президенті Боранбаев сізге айқайлап, балағаттағаны рас па?

– Бұл жөнінде мен қажет деп санайтынның бәрін айттым. Мен үшін өмірде де, жұмыста да белгілі бір шектен шықпауы тиіс түсінік қалыптасқан. Шектен шыққан жағдайда мен белгілі бір қорытынды жасаймын. Мен сіздің тереңірек түсініктеме күтетіндігіңізді түсінемін, бірақ кейбір нәрселер өз арамызда қалуы тиіс деп санаймын.

– Жалпы, Боранбаевпен қарым-қатынасыңыз қалай болды?

– Клубтағы жұмысым кезінде тек жұмыс бабымен ғана байланыста болдық.

– Боранбаев «Астанамен» болған матчтан кейін киім ауыстыратын бөлмеге кіргенін растады. Бұл қаншалықты қалыпты жағдай?

– Президенттің киім ауыстыратын бөлмеге кіруінен ешқандай әбестік көріп тұрғаным жоқ. Мен де кезінде алаңда ойнап жүргенімде президенттер матчтан кейін киім ауыстыратын бөлмеге кіретін. Әрине, жеңіске жеткеннен кейін жалынды сөз сөйлейтін. Жеңілістерден кейін олардың қандай да бір сөз айтқаны есімде жоқ.

– Демек, президенттің жеңілістен кейін киім ауыстыратын бөлмеде сөйлеген сөзі шектен шығу емес пе?

– Жоқ, әрине. Егер президент командаға бірдеңе айтқысы келсе, бұл қалыпты жағдай.

– Айтылған әңгіме кәсіби байланысты үзуге қаншалықты ықпал етеді?

– Кәсіби спортта мұндай мысалдар көп. Маңыздысы – тек айтылған сөз ғана емес, ол кездегі жағдай мен мағынасына байланысты.

– Боранбаев оқиға туралы БАҚ-та жарияланған нұсқаларды оқып, екеуіңіз бірге күлгендеріңізді айтты.

 – Жоқ, ондай болған жоқ. Сонымен қатар, бұл жағдай мен үшін ешқандай күлетін себеп емес. Маған ауыр тиді, өйткені «Қайратқа» нәтиже көрсету үшін келгенмін. Оны жүзеге асыра алатынымды түсіндім – күн сайын сенімім арта түсті. Сондықтан болған жағдай мені мүлде қуантпайды.

– Сіз «Қайратқа» қалай келдіңіз?

 – Маған бір адам қоңырау шалып: «Сені «Қайрат» клубы қызықтыра ма?» деп сұрады. Мен ол адамның клубқа бапкер іздегенінен хабарсызбын. Мүмкін «Қайрат» бапкерін ауыстыруға дайындалып жатқанын естіген шығар. Мен «Иә, бұл нұсқа маған қызықты болар еді» деп жауап бердім.

– Ол адам қоңырау шалғаннан кейін не болды?

 – Маған клуб президенті қоңырау шалып, Қазақстанға келуді ұсынды. Жеке танысып, жағдайды көріп, шешім қабылдағысы келді. Осылайша Алматыға ұшып келіп, инфрақұрылымды қарап шықтым. Бұл жағынан «Қайрат» – Қазақстандағы ең үздік команда. Дамыған академиясы, жақсы базасы бар. Орыс өлшемдері бойынша да бұл жоғары деңгей: базаның жабдықталуы бойынша «Қайрат» тек «Зенитке», «Краснодарға» және Мәскеу клубтарына ғана жол береді. Маған бәрі ұнады, сондықтан соңғы шешімді қабылдамас бұрын менде ешқандай күмән болған жоқ.

– Ресейде ұзақ уақыт бойы «Қайрат» «Астанаға» жол беретін Қазақстанның екінші командасы ретінде қабылданды. Қазір олай емес пе?

– Иә, вектор әлдеқашан өзгерді. Қазір Қазақстанда жақсы қаржылық мүмкіндіктері бар бес-алты команда бар.
Биыл «Қайраттың» чемпиондыққа қол жеткізуге қатысты нақты мақсаты болды. Өйткені клубтың құрылғанына 70 жыл толады. Клуб басшылығымен әңгіме барысында мен бірнеше рет: «Биыл бізде бірінші орын алатын құрам бар» дегенді естідім.