Әлеуметтік желі мен кейбір БАҚ-та ҚФФ-ның қазіргі президенті Әділет Бәрменқұловтың қызметінен кететіні туралы жазылуда
Қазақстан шахмат федерациясының президенті, миллиардер Тимур Турлов өзінің Қазақстан футбол федерациясына басшылық қызметке ауысатыны туралы қауесетке жауап берді.
Турлов бұл сауалға нақты жауап қайтармаса да, өз орнында қалатынын баса айтты.
«Өз орнымдамын және болашағымды шахматпен байланыстырамын. Шахмат федерациясындағы жұмысымды жалғастырамын, қызметтен кететін ойым жоқ. Болашаққа үлкен жоспарымыз бар, себебі біз қазір 7-8 жасар балаларға инвестиция жасау керектігін білеміз. Ерлер құрамасына да көңіл бөлуіміз қажет. Біздің жігіттердің де әлем чемпионы атануға, үздік үштікке енуге әлеуеті жетеді. Ұзақмерзімді инвестиция, яғни жастарға салынған қаражаттың арқасында алдағы уақытта бірінші орыннан көріне аламыз. Мұны рет-ретімен жоспарлап жүзеге асыру керек. Қуанатыным, әлі жаспын, тиісінше еңбегімнің жемісін де көре аламын, тіпті оған 15 жыл қажет болса да», - деді Турлов журналист Аян Төлегенге берген сұхбатында.
Еске салайық, бұған дейін Әділет Бәрменқұловтың отставкасы туралы сыбыс тараған болатын. Ал, белгілі блогер Ербол Еділов ҚФФ президентінің қаржылық іс-әрекетін тексеру қажеттігін жазуда.