Клуб биыл 5 млрд теңге жаратқан еді
Шымкенттің «Ордабасы» клубына соңғы жылдары өте көп көлемде қаржы бөлінетіні белгілі. Клубы директоры Асхат Сейсембек «Серый Кардинал» Youtube-каналына берген сұхбатында келесі жылы бюджет қысқаратынын айтты.
- «Орадабасы» клубына басшылыққа келгеніңізге төлем балансына байланысты мәселе көтеріпсіз. Футболшылардың жалақысын көріп, таң қалғаныңызды естідік. Ойыншылардың жалақысы алты нөлмен басталады екен. Өте көлемді жалақы жазылған. Енді келесі маусымда «Ордабасы» ойыншыларының жалақысы қысқара ма?
- Дұрыс айтасыз. Қысқаша жеткізер болсам, келесі жылы оптимизация болады. Жалақы ведомствосын қайта қарап, ретке келтіреміз. Бюджет міндетті түрде қысқарады. Бұл 100 пайыз рас жағдай. Бірақ чемпиондыққа да таласамыз. Шымкент – еліміздің басты қалаларының бірі. Сондықтан үздіктер қатарынан қалыс қалатын жағдайымыз жоқ.
Айта кетейік, жақында Шымкенттің спорт басқармасы «Ордабасыға» қосымша 892,9 млн теңге (шамамен $1,83 млн) қаржы бөлетінін жазған едік.
Клуб былтыр тарихында алғаш рет ел чемпионы болған. Мұнан кейін қала әкімдігі оның 5 млрд теңге қарызын жауып беріп, тағы осыншама қаражат көлемінде бюджет бөліп берген еді. Алайда, осындай мол ақшаның барына қарамастан «Ордабасы» биыл чемпиондық атағын сақтап қала алмады. Соңғы турларға дейін көш бастап келген шымкенттік команда қатарынан екі матчта жеңіліп, бесінші орынға түсіп қалды.