Адиев кезінде Еуропа мықтыларын жеңген Қазақстан құрамасы Черчесов келгелі бірде-бір гол соға алмады
Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында сәтсіз өнер көрсеткеннен кейін бас бапкер Станислав Черчесов бар кінәні экс-бапкерге артқан болатын. Артынша, құраманы бұрын жаттықтырған Магомед Адиев ренішін айтып, Қазақстанмен үлкен жетістіктерге жеткенін Черчесовтың есіне салды.
Есте болса Черчесов Қазақстан құрамасын өзі келгенге дейін қараусыз қалғанын, жаттығулар кестесі дұрыс түзілмегенін айтып шағымданған еді.
«Менің не айтқым келгенін ол жақсы біледі. Оның жасы кіші, мен үлкен болғандықтан, оның ренішіне қалыпты жағдайда қараймын. Мен нақты күнтізбе жайында айттым. Күнтізбені түзген кезде команда қараусыз қалған болар. Соңғы екі апта және бүгін төрт сағат бойы мен осы күнтізбе мәселесі бойынша сөйлесіп жатырмын. Егер ол дұрыс түзілмесе мен үш оқу-жаттығу жиынында небәрі 11 жаттығу жасатып үлгеремін. Яғни, бір матчқа небәрі екі жаттығудан. Бұл түк емес. Мен осыны айтқым келген.
Адиевті үнемі жеңісімен құттықтап жүретінмін, оны ренжіткен жоқпын. Біз сөйлестік. Мен өзімнің не айтқанымды жақсы білемін», - деді ресейлік маман «Мачт ТВ» телеарнасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы биыл Ұлттар лигасында B конференциясында өнер көрсетіп, топтан шығып қалды. Черчесов шәкірттері алты ойынның бесеуінде жеңіліп, біреуінде тең ойнаған.