Қазақстан футбол лигасында биыл өзгеріс көп
Астанада QFL лигасының (Қазақстан футбол лигасы) жиыны өтті. Отырыста футболдан Қазақстан суперкубогының уақыты мен өтетін орны белгіленді. Сондай-ақ, күн тәртібіндегі бірнеше сұрақ талқыланды.
QFL премьер-лигасының чемпионы «Қайрат» пен QFL Қазақстан кубогының иегері «Ақтөбе» командаларының арасындағы матч 22 ақпан күні «Астана Арена» стадионында өтетін болды.
Сондай-ақ, жиында отырыс мүшелері еліміздегі футбол турнирлерінің сапасын жоғарлату және әйелдер футболының дамуы жайлы талқылады. Футбол клубтарының лицензиялау ережесіне сәйкес, енді әр клубтың 2025 жылы QFL әйелдер лигасына қатысатын әйелдер командасы болуы тиіс.
Айта кетейік, ҚФФ атқару комитеті аталмыш ережені өткен жылдың қазан айында енгізген еді.
Сонымен қатар ҚФФ QFL-мен бірге шетелдік футболшыларға қатысты лимитті қайта қарап, әр матчтың өтінімінде кемінде 21 жасқа дейінгі екі ойыншы болуы тиіс деген ұсыныс білдірді.
«Нақтырақ айтсақ, өтінімде легионерлердің саны 10-нан аспауы керек және қосымша әр шетелдік футболшы үшін 40 миллион теңге төленген жағдайда, тағы екі легионерді қосуға рұқсат. Ал жиналған барлық қаржы арнайы қорға жіберіліп, 21 жасқа дейінгі ойыншыларға жасыл алаңда көп уақыт берген командалар арасында бөлінеді. Лимит бойынша ұсынысты ҚФФ бас хатшысы Саян Хамитжанов пен «Ордабасы» клубының президенті Асхат Сейсембек қолдады. «Ақтөбе», «Қызылжар» мен Ertis клубтары қалыс қалса, «Қайрат» клубының бас директоры Асқар Есімов қарсы шықты. Нәтижесінде бұл ұсыныс ҚФФ атқару комитеті мүшелерінің кеңесінде талқыланатын болады»,- делінген лига хабарламасында.
Лига кеңесінің құрамында да бірқатар өзгерістер болды. Жаңартылған құрамға Ерлан Жамантаев (QFL президенті), Михаил Гурман («Астана» ФК директорлар кеңесінің төрағасы), Николай Панин («Қызылжар» ФК директоры), Асхат Сейсембек («Ордабасы» ФК президенті), Асқар Есімов («Қайрат» ФК бас директоры), Санат Шалекенов («Ақтөбе» ФК басқарма төрағасы), Сейітбек Сембаев (Ertis ФК директоры) енді.