Ол қазір Израильдің чемпионатында өнер көрсетіп жүр
«Астана» футбол клубының аңыз ойыншысына айналған Патрик Твумаси әкесінің қайтыс болғанын айтты. Әлеуметтік желіге жазба қалдырған футболшы сағынышын да жеткізген.
«Біз қоштаспаймыз. Қайда болсаң да сен менің жүрегімдесің. Біз қанша қайғырсақ та, періштелер сені қарсы алып, қуанып жатқанына сенімдімін», - деп жазды ол өзінің Instagram-парақшасында.
Еске салайық, Патрик Твумаси «Астана» сапында 2013-2018 жылдар аралығында ойнады. Осы уақытта елордалық клуб Чемпиондар лигасының іріктеуінен сәтті өтіп, топтық кезеңде өнер көрсеткен.
«Астанадан» Твумасиді испандық «Алавес» 3 млн еуроға сатып алды. Мұнан кейін ол «Газиантеп» (Түркия), «Ганновер 96» (Германия), «Маккаби» (Нетания, Израиль), «Пафос» (Кипр) сапында доп тепті. Дәл қазір ол «Бейтар Иерусалим» командасында өнер көрсетіп жүр.