Неймар Бразилияның «Сантос» клубына қайта оралды

Редактор
31.01.2025, 15:01

Ол осы клубта 2009-2013 жылдар аралығында өнер көрсеткен

Getty Images

Белгілі бразилиялық футболшы Неймар өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында кәсіби мансабын бастаған «Сантос» клубына қайта оралғанын ресми түрде жариялады.

Бұған дейін 32 жастағы футболшы Сауд Арабиясының «Әл-Хиләл» клубымен өзара келісім негізінде келісімшартын бұзған еді. Бірнеше күннен кейін Неймар өзінің «Сантосқа» ауысуына арналған бейнеролик жариялап отыр. 

«Өзімді туған үйіме оралғандай сезінемін. Достарым мен отбасым менің бұл шешімімнен хабардар. Мен «Сантоспен» келісімшартқа қол қоямын. Барлық жанкүйеріме алғыс білдіремін, олар осы сәтті ұзақ күтті. «Сантостан» кеткеніме 12 жылға жуық уақыт өтті, бірақ бұл кеше ғана болғандай көрінеді. Мен клуб пен жанкүйерлерге деген сүйіспеншілігімді ешқашан жоғалтқан емеспін», - деді Неймар.

Сонымен қатар, бразилиялық шабуылшы Сауд Арабиясында өткізген уақытын жылы естеліктермен еске алған.

«Эр-Риядта өткізген уақытым ғажап болды. Сауд Арабиясы мені ғана емес, отбасымды да ерекше ықыласпен қарсы алды. Бірақ ауыр жарақат алып, өзім қалаған футбол деңгейіне қайта оралу маған қиын болды. Қазір мен қайтадан футбол ойнағым келеді. Сол үшін маған «Сантос» беретін махаббат пен қолдау қажет», - деп бөлісті футболшы.

Неймар – «Сантос» клубының түлегі. Ол 2009-2013 жылдар аралығында осы командада кәсіби деңгейде өнер көрсетті. Кейін «Барселона» (Испания), «ПСЖ» (Франция) клубтарында ойнады. 2017 жылы Неймар 222 миллион еуроға «ПСЖ»-ға ауысып, әлемдік футбол тарихындағы ең қымбат трансфердің иесі атанды.