«Марадонаны құдай сақтаған екен»: Сильваны қатарына қосқысы келетін «Атырау» сынға қалды

Редактор
23.05.2025, 23:57
Фото ашық дереккөзден

«Атырау» жазғы трансферде Марат Хайруллин мен Тони Сильваны қатарына қосуы мүмкін. Клубтың бас директоры Дидар Сыдықбек алдағы жазғы трансферлік кезеңге қатысты жоспарымен бөлісті.

Оның айтуынша, клуб қазір бірнеше бағыт бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.

«Қазір Тони Сильвамен келіссөздер жүргізілуде. Ол – жылдам, креативті ойыншы және ең бастысы – ойынды өз қолына алудан қорықпайтын футболшы», – деді клуб басшысы.

Сонымен қатар, команданың ішкі атмосферасы мен рухын нығайту мақсатында тәжірибелі ойыншылармен келісім жасау жоспарланып отыр. Бұл ретте басшылық бұрын Қазақстан құрамасы мен «Ақтөбе» сапында өнер көрсеткен Марат Хайруллиннің кандидатурасын қарастырып жатқанын айтты. Дегенмен, Тони Сильва жақында ғана 50 жасқа толса, Хайруллин 41-де. Сондықтан бұл жаңалық клуб жанкүйерлерін қуанта қойған жоқ. 

Желі қолданушылары Марат Хайруллиннің карьерасын аяқтағанын алға тартса, енді бірі ардагер футболшыларды да сапқа шақыруға әзілдеп кеңес берген.

«Атырау» «50+» лигасына қатысқалы жатқан жоқ па?», «Вахид Масудов, Дмитрий Огайды ұмытпаңдар», «Құралбек Ордабаевты да шақырғанда ғой», «Рух көтеру керек болса, Смақовты да қосыңдар», «Марадонаны өліп қалып Құдай сақтаған екен», - деп жазып жатыр көпшілік.