Әлем чемпионатында Өзбекстанға жанкүйер боламыз –Тоқаев

Редактор
17.06.2025, 20:17

Өзбекстан өз тарихында алғаш рет жолдама алып отыр

Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевті ұлттық құраманың футболдан әлем чемпионатына жолдама алуымен құттықтады.

Тоқаев «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысуға келген әріптесіне сөз бермес бұрын арнайы құттықтауын жеткізді.

«Сіздерді спорт саласындағы тарихи жеңіспен – ұлттық құраманың футболдан 2026 жылы өтетін әлем чемпионатына өткенімен шын жүректен құттықтағым келеді. Бұл – өзбек футболы үшін үлкен жетістік. Сіздер үшін қуаныштымыз және әлем чемпионатында жанкүйер боламыз», - деп құттықтады президент.

2026 жылы 11 маусымда басталып, 19 шілдеде аяқталатын әлем чемпионаты қатарынан үш елде өтеді. Біріншілік матчтары АҚШ, Канада және Мексика стадиондарында өтеді. Бұл жолы чемпионатқа алты конфедерациядан 48 ұлттық команда қатысады.

Өзбекстан өз тарихында алғаш рет жолдама алып отыр. Жақында Өзбекстан құрамасының футболшылары мен бапкерлеріне автокөлік сыйға тартылды. BYD қытай компаниясы шығарған 40 автокөлік кілті Ташкентте 10 маусымдағы матчтан кейін тарту етілді. Жергілікті футболшылар Катар құрамасын 3:0 есебімен жеңді.