ПСЖ Килиан Мбаппені ұстап қалу үшін рекордтық жалақы төлеуге дайын

Редактор
17.01.2024, 08:36

Шабуылшыға бірнеше жыл қатарынан Мадридтің «Реалы» «құда түсіп» келеді

Getty Images

Францияның «Пари Сен-Жермен» футбол клубы шабуылшы Килиан Мбаппені өз сапында ұстап қалу үшін онымен келіссөз жүргізіп жатыр. RMC Sport жазуынша, футболшыға маусымына 100 млн еуро жалақы ұсынылған.

Басылымның мәліметінше, мұндай жалақы Еуропаның бірде-бір клубында жоқ. Тіпті, «Реалдың» өзі Мбаппені сатып алған жағдайда оған 30 млн еуро беруге уәде берген екен.

Айта кетейік, 2024 жыл басталғалы француз шабуылшысының ПСЖ-дан кететіні туралы тағы гу-гу әңгіме шықты. Мбаппе не «Реалға», не «Ливерпульге» кетеді деп футбол сарапшылары болжамдарын да жазып жатыр. Тіпті, оның өте жоғары жалақыға Сауд Арабиясына кетуі мүмкін екені де айтылды. Қалай болғанда да, Килиан Мбаппенің нақты шешімі биылғы футбол маусымының соңында белгілі болады.