Қазақстандық футболшының «Бешикташтан» кететіні туралы былтырдан бері айтылып келеді
Мәскеудің «Динамо» клубының бас бапкері Валерий Карпин қазақстандық жартылай қорғаушы Бақтиер Зайнутдиновтің осы командаға ауысу ықтималдығына қатысты өз ойын айтты.
«Егер осындай мүмкіндік болса, өз басым Зайнутдиновті «Динамо» сапында көргеніме қуанышты болар едім», – деді Карпин.
Айта кетейік, Бақтиер бұған дейін Карпиннің жетекшілігімен «Ростов» клубында өнер көрсеткен еді.
27 жастағы Зайнутдинов 2023 жылдың жазында ЦСКА-дан Түркияның «Бешикташ» клубына ауысқан болатын. Өткен маусымда ол барлық турнирде 12 матчқа қатысып, бір нәтижелі паспен ғана көзге түсті.
Қазақстандық футболшының «Бешикташтан» кететіні туралы ақпарат былтырдан бері айтылып келеді. Клуб басшыларының да, бапкерлерінің де Бақтиерға көңілі толмайтыны талай рет жазылды. Тіпті, оны ресейлік клубтардың біріне сататыны да айтылған болатын. Десе де, Зайнутдинов Ресейге барудан үзілді-кесілді бас тартты.