Қарсылас жекпе-жекті жалғастыра алмады.
Қазақстандық боксшы Нұрислам Қалдыбаев 2025 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатының (U-19 және U-22) финалына шықты.
Қазір Таиландтың Бангкок қаласында өтіп жатқан турнирде Қалдыбаев 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде (U-22 санатында) өнер көрсетуде. Жартылай финалда ол Бутан елінің өкілі Дечен Дорджиді бірінші раундта-ақ нокаутпен жеңді. Қазақ боксшысының бауырға бағытталған дәл соққысынан кейін қарсылас жекпе-жекті жалғастыра алмады.
Енді Нұрислам Қалдыбаев алтын медаль үшін шаршы алаңға шығады. Ал Дечен Дорджи Азия чемпионатын қола медальмен аяқтады.
Айта кетейік, Нұрислам Қалдыбаев биыл мамыр айында Шри-Ланканың Коломбо қаласында өткен IBA және ASBC ұйымдастырған U-22 Азия чемпионатына қатысып, сол жарыста да алтын медаль жеңіп алған болатын.
Бангкоктағы 2025 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатының финалдық жекпе-жектері 10 және 11 тамыз күндері өтеді.