Маңызды үш ұпай астаналықтарды плей-офф зонасына алып кіре алмайды
Жеңілістен көз ашпаған Астананың «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында жанкүйерлерін қуантты. Сырт айдында мәскеулік «Динамомен» кездескен елордалықтар 2:0 есебімен жеңіске жетіп, ҚХЛ-дің кішігірім сенсациясын жасады.
Матч алдында кімнің фаворит болғаны айтпаса да түсінікті еді. Десе де, Ғалым Мәмбетәлиев Мәскеуге тек жеңіс үшін ғана келгенін дәлелдеді. Матчтың бірінші кезеңінде командалар бірде-бір шайба соға алмаса, екі мен үшінші кезеңдерде «Барыс» шабуылшысы Бурдасов екі голдың авторы атанып, командасына сенімді жеңіс алып келді.
Енді 21 желтоқсанда «Барыс» сырт айдында Челябинск қаласының «Тракторымен» кездеседі. Астаналық команда қазір турнир кестесінің соңғы орындарының бірінде.