Ернар Мұсабаев емделуге Оңтүстік Кореяға аттанады
Қазақстан жастар құрамасының бұрынғы қорғаушысы Ернар Мұсабаевқа жұмсақ тіндердің қатерлі ісігі – миксоидты липосаркома (сирек кездесетін қатерлі ісік түрі) диагнозы қойылды.
Бұл туралы спортшының өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Ернардың сөзіне қарағанда, ол емделуге Оңтүстік Кореяға аттанады. Осы орайда хоккейші көпшіліктен қолдау сұрады.
«Қазір мен үлкен жолдың басында тұрмын – алдымда ем бар, ол Кореяда өтеді. Сол жақта нақты диагноз, емдеу хаттамалары мен өмір сүруге деген үміт аламын. Бұл моральдық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да оңай емес. Бірақ жалғыз емес екенімді сеземін. Сондықтан күресуге дайынмын.
Өмірімде алғаш рет көмек сұрауға үйреніп жатырмын. Маған шын мәнінде сіздердің қолдауларыңыз қажет – моральдық тұрғыда да, материалдық тұрғыда да, адами тұрғыда да. Жылы сөз, әрекет, репост, қолдау – бәрі маңызды. Қазір кез келген қолдау – баға жетпес көмек», – деп жазды Ернар Мұсабаев өзінің Instagram парақшасында.
Айта кетейік, Ернар Мұсабаев «Барыс» клубының фарм-командасы – «Снежные барсы» сапында өнер көрсеткен және Қазақстанның жастар құрамасына шақырылған. Ол тіпті жастар арасындағы әлем чемпионатына да қатысқан.
Ернар хоккейдегі соңғы маусымын 2020/2021 жылдары Павлодардың «Ертіс» командасында өткізді.