Жарнама
Жарнама

«Бұл – шоу емес, бұл – спорт»: Хабиб Нурмагомедов UFC-дің саясатын сынады

Редактор
30.12.2025, 17:53

Ол ұйымның бағыты дұрыс емес деп санайды. 

© Chris Unger/Zuffa LLC / Contributor / UFC / Gettyimages.ru

Дағыстандық және ресейлік ММА жұлдызы, UFC-дің жеңілмеген экс-чемпионы Хабиб Нурмагомедов америкалық промоушендердің, соның ішінде UFC-дің саясатына қатысты ашық наразылығын жеткізді.  

Дубайдағы спорт саммитінде сөз сөйлеген Хабиб қазіргі таңда UFC-де спорттық қағидаттардан гөрі шоу мен хайпқа көбірек басымдық беріліп отырғанын айтты. Оның пікірінше, көптеген дағыстандық мықты файтердің жолы дәл осы себеппен жабылып отыр.

«Маған АҚШ-тағы промоутерлер шынымен аянышты көрінеді. Дағыстаннан аш, мықты, еңбекқор жауынгерлер көп келеді. Бірақ олар сөйлегенді, трэшток жасағанды ұнатпайды. Олар жай ғана торға кіріп, қарсыласын жеңіп, адал ақшасын тапқысы келеді. Ал америкалық промоутерлерге бұл ұнамайды. Оларға шоу керек, жанжал керек», – деді Нурмагомедов.

Хабибтің айтуынша, Дағыстандағы жеке залында 500-ге жуық спортшы бар. Олардың барлығы әлемдік аренада өзін дәлелдегісі келгенімен, көпшілігі UFC-ге тіпті жолай алмай жүр.

«Кейбір ұйымдар әдейі осындай саясат ұстанып отыр. Олар Магомедовтер мен Нурмагомедовтерден шаршағандай. Себебі олар лигаларды жаулап алады. Сондықтан оларды мүлде шақырмайды. Бұл – әділетсіз. Бұл спорт емес», – деді Хабиб.

Ол соңғы жылдары UFC-де жеңілмей жүрген спортшылардың да келісімшарты ұзартылмай, олардың еш себепсіз шеттетіліп жатқанын атап өтті.

«Менің залымда көрмеген 10-15 жеңіліс әлем чемпионы бар. Бірақ оларды шақырмайды. Себебі олар ішпейді, айқайламайды, өзін жарнамаламайды. Ал UFC-ге дәл сондай кейіпкер керек. Бұл спортта ең жақсы биші, ең сәнді шаш үлгісі бар адам немесе әлеуметтік желідегі парақшасында жазылушысы көп адам емес, нағыз мықты мықтымен жұдырықтасуы керек», – деді экс-чемпион.

Сонымен бірге Хабиб бизнес пен спорттың аражігін ажырату керектігін де атап өтті.

«Бизнес керек болса, 50 де 50 болсын. Бірақ 100 пайыз бизнес, 0 пайыз спорт болмауы тиіс», – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, қазіргі таңда UFC-де Дағыстаннан шыққан үш әлем чемпионы бар: жартылай орта салмақтағы қазіргі чемпион Ислам Махачев, жартылай ауыр салмақтағы экс-чемпион Магомед Анкалаев және жеңіл салмақта UFC тарихында аты қалған Хабиб Нурмагомедов.

Реклама
Реклама