Ол балдақпен жүрген болатын.
UFC-дегі жартылай салмақ өкілі қазақстандық Шавкат Рахмоновтың жағдайы көпшілікті алаңдатып қойды.
Өз дивизионындағы рейтингте екінші орында тұрған Рахмонов Алматыда өткен Naiza 80 турниріне балдақпен келген болатын. Осы орайда DAR Team командасының бас бапкері Эдуард Базров шәкіртінің денсаулығына қатысты пікір білдірді.
«Шыны керек, аяғы әлі де мазалап тұр. Жарақат дұрыс жазылмай жатқан соң, бекіткіш тағуға тура келді», - деді ол Betonmobile-ге берген сұхбатында.
Тілшінің «Сонда ол әзірге октагонға орала алмайды ғой?» деп нақтылаған сұрағына Базров:
«Иә, әзірге орала алмайды», - деп жауап қатты.
Айта кетейік, Рахмонов бұған дейін 2024 жылдың соңында UFC 310 турнирінің аясында жекпе-жек өткізген еді. АҚШ-тың Невада штатындағы Парадайс қаласында өткен бәсекеде қазақстандық спортшы ирландиялық Иэн Гарримен кездесіп, төрешілердің ортақ шешімімен жеңіске жеткен.