Ол жақын арада октагонға оралатынын айтқан.
UFC-дегі қазақстандық спортшы Шавкат Рахмонов Алматыда өткен MMA Naiza 80 турниріне арнайы қонақ ретінде барды.
UFC-дің жартылай орта салмақтағы рейтингінде екінші орында тұрған отандасымыздың балдақпен жүргенін көруге болады.
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов былтыр жарақатын емдеп, толық қалпына келу үшін октагонға шыққан жоқ. Кейін оған операция жасалғаны анықталды. Соған қарамастан ол әлеуметтік желілерде жаттығу процесінен үзінділер жариялап жүрген. Тіпті қарашаның соңында белгілі журналист Ариэль Хельваниге берген сұхбатында Шавкат ақпанның соңы немесе наурыздың басында октагонға оралуды жоспарлап отырғанын айтқан еді. Алайда желіде тараған кадрлар бұл мерзімнің кейінге шегерілуі мүмкін екенін аңғартқандай. Әзірге спортшының неліктен балдақпен жүргені белгісіз.
Естеріңізде болса, Рахмонов бұған дейін 2024 жылдың соңында UFC 310 турнирінің аясында жекпе-жек өткізген еді. АҚШ-тың Невада штатындағы Парадайс қаласында өткен бәсекеде қазақстандық спортшы ирландиялық Иэн Гарримен кездесіп, төрешілердің ортақ шешімімен жеңіске жеткен.