Ол 1 наурызда октагонға шығуы тиіс еді.
Қазақстандық файтер Асу Алмабаев (23-3) жарақат алып, UFC-дегі кезекті жекпе-жегіне қатыса алмайтынын растады. Спортшының айтуынша, ол қолын турнирге ұшардан екі күн бұрын жарақаттап алған.
Алмабаев бұл жағдайға байланысты әлеуметтік желіде түсініктеме беріп, жекпе-жектен бас тарту оның принципіне қайшы екенін атап өтті.
«Жағдай осылай болып тұр – қолдан жарақат алып қалдық. Ұшуға екі күн қалғанда болды. Жарақат айтып келмейді. Мен ешқашан жекпе-жектен қашқан емеспін. Қандай қарсылас болса да, қандай жағдай болса да, дайындық әрдайым жоғары деңгейде өтті. Болар іс болды, енді қанша жерден қиналсаң да, жағдайды өзгерту мүмкін емес», – деді Алмабаев.
Сонымен қатар файтер UFC-мен жаңа келісімшартқа қол қойғанын және алда әлі бірнеше жекпе-жек күтіп тұрғанын айтты.
«Бұл келісім аясында әлі бес жекпе-жегім бар. Келісімшарт ұзартылды. Алда талай қызықты айқас күтіп тұр», – деп қосты ол.
Бұған дейін DAR Team командасының бас бапкері Эдуард Базров Sports.kz сайтына берген сұхбатында Асу Алмабаевтың мексикалық Брэндон Мореномен (23-9-2) өтетін жекпе-жектен бас тартқанын растаған болатын.
«Иә, өкінішті жағдай болды. Спарринг кезінде Асу қолын сындырып алды», – деді Базров.
Еске сала кетейік, Асу Алмабаев пен Брэндон Морено 1 наурыз күні Мехикода өтетін UFC Fight Night 268 турнирінің басты жекпе-жегінде октагонға шығуы тиіс еді.