Спортшының командасы ресми пікір білдірмеді
Қазақстандық файтер Асу Алмабаев (23-3) UFC-дегі кезекті жекпе-жегіне қатыса алмайтын болды. Бұл туралы америкалық инсайдер Krazy Kevin және бірқатар өзге дереккөздер хабарлады.
Айта кетейік, Алмабаев 1 наурыз күні Мехикода (Мексика) өтетін UFC Fight Night 268 турнирінің басты кездесуінде мексикалық, екі дүркін экс-чемпион Брэндон Мореномен (23-9-2) жұдырықтасуы тиіс еді. Алайда соңғы ақпараттарға сәйкес, қазақстандық спортшы бұл жекпе-жектен шығып қалған.
Қазіргі уақытта Алмабаевтың турнирден бас тартуына не себеп болғаны ресми түрде жарияланбады. Сондай-ақ спортшының командасы мен UFC ұйымы да жағдайға қатысты әзірге пікір білдірген жоқ.
Асу Алмабаев UFC-дің жеңіл салмақтағы рейтингінде 7-орында тұр. Сарапшылардың пікірінше, Мореноны жеңу қазақстандық файтерге титул үшін айқасқа жақындауға мүмкіндік берер еді.