Маманның айтуынша, Алмабаев қолын сындырып алған
DAR Team командасының бас бапкері Эдуард Базров Sports.kz сайтына берген пікірінде қазақстандық файтер Асу Алмабаевтың (23-3) мексикалық Брэндон Мореномен (23-9-2) өтетін жекпе-жектен шығып қалғанын растады.
Маманның айтуынша, Алмабаев жарақатты жаттығу кезінде алған.
— Иә, жағымсыз жағдай болды. Спарринг өткіздік, сол кезде Асу қолын сындырып алды, — деді Эдуард Базров.
Еске сала кетейік, Алмабаев пен Морено 1 наурыз күні Мехикода (Мексика) өтетін UFC Fight Night 268 турнирінің басты айқасында октагонға шығуы тиіс еді.
Қазіргі таңда Асу Алмабаев UFC-дің аса жеңіл салмағындағы рейтингінде 7-орында тұр. Сарапшылар екі дүркін бұрынғы чемпион Брэндон Мореноны жеңу қазақстандық спортшыға титул үшін таласқа бір табан жақындауға мүмкіндік береді деп болжаған болатын.