Жарнама
Жарнама

Жарақат алған Асу Алмабаевтың UFC-дегі жекпе-жегі қашан өтетіні айтылды

Редактор
26.03.2026, 20:50

Ол қазір оқу-жаттығу жиындарына аттанды.

©x.com/ufc

UFC ұйымында аса жеңіл салмақтағы қазақстандық спортшы Асу Алмабаев келесі жекпе-жегіне дайындықты бастау үшін Ресейдің Осетия өңіріне аттанды. Бұл туралы спортшының өзі мәлімдеді.

32 жастағы файтердің айтуынша, Владикавказда өтетін оқу-жаттығу жиынына Фаниль Рафиков пен UFC-де өнер көрсететін Әліби Ыдырыс секілді қазақстандық өзге де файтерлер қатысады. Сонымен қатар Алмабаев алдағы айқасының уақыты келісілгенін де жеткізді.

«Қателеспесем, Фанильдің жекпе-жегі 20 сәуірге жоспарланған. Қазір сол айқасқа дайындалып жатыр. Бізде де жекпе-жек уақыты келісілді. Енді дайындыққа кірісеміз. Бізге сәттілік тілеп қойыңыздар. Жиын нәтижелі өтіп, елге аман-есен оралсақ дейміз», - деді Алмабаев.

Айта кетейік, Алмабаев 1 наурызда Мехикода өтетін UFC турнирінде бұрынғы екі дүркін чемпион Брэндон Мореномен жекпе-жек өткізуі тиіс болған. Алайда дайындық барысындағы спарринг кезінде қолын сындырып алып, кездесуден бас тартуға мәжбүр болды.

Алмабаев бұған дейін октагонға 2025 жылдың 2 қарашасында Дохада өткен UFC турнирінде өтті. Ол америкалық Алекс Пересті үшінші раундта мерзімінен бұрын жеңіп, кезекті маңызды жеңісіне қол жеткізді.

Реклама
Реклама