Жерлесіміз биыл чемпиондық титулға төбелесуі мүмкін
Қазақстандық MMA шебері Шавкат Рахмонов (18-0) өзін жекпе-жекке шақырған аустралиялық файтер Джек Маддаленаға (17-2) жауап берді.
Еске салайық, бұған дейін Джек Маддалена Майамиде өткен UFC турнирінде бразилиялық Гилберт Бернсті ауыр нокаутпен жеңді. Осы жекпе-жектен кейін ол Шавкат Рахмоновқа шақырту тастады.
«Мұнда мықты файтерлер көп. Бірақ, мен ең мықтысымын. Шавкат Рахмонов! Біз екеуміз октагонда кездесуіміз керек. Кеттік», - деді Маддалена жекпе-жектен кейінгі сұхбатында.
Шавкаттың жауабы көп күттірген жоқ. Ол аустралиялыққа әлеуметтік желіде жауап қатты.
«Мен сенің батылдығың мен сенімділігіңді құрметтеймін, Джек. Бірақ, сені менің бұған дейінгі қарсыластарымның тағдыры күтіп тұр», - деп жазды Ш.Рахмонов.