«Қарсыластарымның 90 пайызы допингпен шықты»: Қуат Хамитов неге жеңіле беретінін айтты

Редактор
29.05.2024, 01:36

Ол соңғы жекпе-жегінде де ресейлік Александр Шлеменконың рұқсат етілмеген препарат қолданғанын айтып отыр

instagram.com/kuat__khamitov

Аралас жекпе-жектен қазақстандық файтер Қуат Хамитов (24-8-1) UFC лигасында өнер көрсете алмағанына өкінеді. Бұл туралы ол ХабарLike бағдарламасына берген сұхбатында айтты.

«Әрине, бұрынғы КСРО елдерінде өнер көрсету – Америкада бақ сынаудан ауыр. Өйткені мұнда допинг-бақылау жоқ. Менің қарсыластарымның 90 пайызы допингпен шықты. Соған өкінемін. Соңғы жекпе-жегімде де солай болды. Мен осы күнге дәрі салмай, таза болып жүрмін. Бірақ, соның зардабын тартып жүрмін. Бір жерде жеңіліп қаламын, кейде жолым болмайды. Соңғы кездесуде қарсыласымның салмағы ауыр болды. Білініп тұр. Бір досым айтады: «Қуат, саған да допинг ішіп, нәтиже көрсету керек еді. Сосын UFC-ге өтуің оңай болатын. Допинг болғанда бұрын ұпаймен қиналып жеңген қарсыластарынды бірінші раунда құлатар едің» деп айтты. Сондықтан өкініш бар», - дейді Қуат Хамитов.

Ол жыл соңына дейін тағы бір-екі жекпе-жек өткізетінін айтты. Сөйтіп, Араб елдеріне барып, UFC аясында бір кездесуге шығуды армандайтынын жасырмады.

Айта кетейік, бұған дейін отандасымыз Ресейде өткен RCC 19 турнирінде 40 жастағы Александр Шлеменкодан (63-15-1) жеңіліп қалған болатын.