Қазақстандық Мария Агапова бірінші раундта жеңіліп қалды

Редактор
14.07.2024, 10:49

Ол енді UFC-де жекпе-жек өткізе алмайды

UFC

UFC лигасында өнер көрсететін қазақстандық файтер қыз Мария Агапова (10-5) кезекті жекпе-жегінде жеңіліп қалды. АҚШ-тың Денвер қаласында өткен UFC on ESPN 59 турнирінде өнер көрсеткен жерлесіміз бразилиялық атлетпен кездескен болатын.

Мария Агапова мен Луана Сантос арасындағы жекпе-жек ұзаққа созылмады, небәрі бірінші раундта аяқталды. Сантос қазақстандық файтердің арқасына өтіп, оған қылқындыру әдісін жасаған. Мария дереу жерді ұрып, төбелесті жалғастыра алмайтынын білдірді.

Осылайша, Мария Агапова UFC-де қатарынан үшінші рет жеңіліп отыр. Аталған промоушенда ол 6 жекпе-жек өткізіп, тек екеуінде ғана жеңіске жеткен. Енді Мария UFC-де төбелеспейді.

Еске салайық, АҚШ-та тұрып жатқан қазақстандық файтер осыдан бірер ай бұрын ғана далада қалғанын жазып, көпшіліктен көмек сұраған болатын. Айтуынша, ақшасы таусылған спортшыны үйінен шығарып жіберсе, таныс адамы жезөкшелікке салмақшы болған екен.