Шавкат Рахмонов бас бапкеріне темір тұлпар мінгізді

Редактор
15.07.2024, 09:46

Ол премиум кластағы жол талғамайтын Exeed көлігін таңдады

sportilinet.kz

Аралас жекпе-жекте мүлдем жеңілмеген қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов бас бапкері Баян Жанғаловқа көлік сыйлады.

Рахмонов Instagram парақшасында жазба жариялап, бапкеріне алғысын білдірді.

«Ассалаумағалейкум, қазақ елі. Бас бапкерім Баян Жанғаловқа бүгін темір тұлпар сыйлауды Алла нәсіп етті. Демеушілік беріп, қолдау білдірген ағам Алидар Болатұлына ризашылығымды айтамын», - деп жазды ол.

Жанғаловтың жетекшілігімен Рахмонов әуесқой ММА бойынша әлем чемпионы атанды, M-1 Global лигасында чемпион атағын жеңіп алды, сонымен қатар UFC-де өнер көрсете бастады.

Қазақстандық файтер бұған дейінгі алты жекпе-жектің барлығында мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Соңғы жекпе-жегін желтоқсанда өткізіп, ол екінші раундта америкалық Стивен Томпсонды жеңді. Қазір қазақстандықтың кәсіби ММА бойынша рекорды 18-0.