31 жастағы Асу бұған дейінгі кездесуінде Манель Капеден жеңіліп қалды
UFC-дегі қазақстандық спортшы Асу Алмабаевтың бапкері Эдуард Базров шәкіртінің өзбекстандық Рамазан Темировпен жекпе-жекке шығатынын растады.
«Иә, расымен де, бізге жекпе-жек берілді. Ол Абу-Дабиде өтеді. Қарсылас – өте мықты, бауырлас республиканың өкілі. Рамазан Темиров UFC-ге топты бұза-жарып кіріп, әзірге қатарынан екі жеңіске жетті. Ол Азат Мақсұмды жеңген Джонсонды ұтқан. Сондықтан бұл біз үшін ауыр айқас болмақ. Біз қарсыласымызды мұқият талдап, тыңғылықты дайындаламыз», – деді жаттықтырушы.
Ал бұл кездесу 26 шілде күні Абу-Дабиде өтетін UFC on ABC 9 турнирі аясында өтеді деп жоспарланып отыр.
31 жастағы Асу Алмабаев бұған дейінгі кездесуінде Манель Капеден жеңіліп қалды. Оның көрсеткіші – ММА-да 21 жеңіс және 3 жеңіліс, UFC-де 4 жеңіс пен 1 жеңіліс.
28 жастағы Рамазан Темировтың көрсеткіші – ММА-да 19 жеңіс және 3 жеңіліс, ал UFC-де әзірге екі жеңіске ие. Ол бұған дейін қазақстандықтармен үш рет кездескен: 2019 жылы Талғат Жұмағалиевтен ұтылса, 2021 жылы сол Жұмағалиевті төрешілер шешімімен жеңген. Дәл сол жылы Сатбек Есенгелдинді төрешілер шешімімен жеңген.
UFC рейтингінде Асу Алмабаев 8-орында, ал Рамазан Темиров 13-орында тұр.